Туған жер туралы шағын әңгімемді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сырбаз жазушы, зор парасат иесі, әйгілі жерлесіміз Сафуан Шаймерденовтің – менің Сафағамның “Қарғаш” повесінен үзіндімен бастағым келеді.
“Сөйтіп, мен өзімнің ауылыма келдім. Өзім оқып шыққан бастауыш мектебіме мұғалім болып келдім. Бірақ бала саны бұрынғыдан азайып кеткен. Аз жылға болса да, өнім-өсімді тоқтатқан соғыстың зардабы. Баяғыша төрт класс бар. Ал мұғалім саны екеу-ақ. Бірі – мен, екіншісі – көп жыл бойы бастауыш мектепте сабақ беріп, тәжірибелі мұғалима атанған аласа бойлы, бүйрек бет Зағыфыран Айтенова. Екінші емес-ау, бірінші – сол. Өзі аласа болғанымен, Сұлуқия бастауыш мектебінің дырдай меңгерушісі. Ал мен болсам, педагогика деп атанған өнер мұхитында оң мен солымды әлі айқын танып болмаған, есіл-дертім Алматы, жоғары оқу орны болып жүрген көк қанатпын. Аудандық оқу бөлімінде де қайқы тұмсық бір жалғы мұрт:
– Сұлуқияға біз сені неге жіберіп отырмыз? – деп маған шұқшия төне келіп, – Ана тәжірибелі мұғалімнен үйренсін, тәлім алсын деп жіберіп отырмыз, – деп шегініп кеткен. Міне, сөйтіп, үйренейін, тәлім алайын деп келдім өз ауылыма. Расында да, жұрт айтқан жерден шықты – меңгеруші маған қатты ұнады. Несі дейсіз бе? Айтайын. Ең әуелі күлкісі. Күлгенде бар ғой, тіпті, сұмдық. Басын бір жаққа әнтек бұрып алып, бүйрек беттерінің бұлшық еттерін, иығын, алшақ кеудесін, қала берді бүкіл денесін селкілдетіп, ұзақ күледі. Қарқылдап, ақақалап күлмейді бірақ. Ернін жымқырып алады да, маржандай ақ тістерін болар-болмас көрсетіп, сылқ-сылқ күледі. Сондай жарасты. Күлкі ғұмыр жасты ұзартады дейді ғой ғылымда. Тегі соныңыздың жаны бар пікір ме деймін мына Зағаңа қарап. Өйткені, жасы сол кезде отыз бестерге келіп қалса да, маңдайында кәрілік сызықтарының ізі де жоқ еді тіпті. Содан кейін – кішіпейілдігі. “Мынаны үйрен, былай үйрен!” – деп, тәжірибесінің көптігін көрсетіп, бастықтығын пайдаланып жатпайды. Әу баста, аудандық оқу бөліміндегілердің тапсырысының қаталдығынан ба, әйтеуір, қай жағымнан шығып қалар екен деп жалтақтаңқырап, “Бастауыш класта сабақ беру тәсілі” деген кітапты емтихан ұстайтын шәкіртше аударыстырып келіп ем, бірақ бір ғажабы, таныстығымыз тетелес адамдардың арасындағыдай оп-оңай басталып кетті. “Сабақ беру тәсілі” жайына қалды. Аты-жөнімді, кім екенімді айтуым-ақ мұң екен, меңгерушім алдымен сылқылдап біраз күліп алды. Содан кейін, сөз арасында… жоқ, сөз арасында емес-ау, күлкі арасында айтқаны:
– Қашан келеді деп күтіп отыр едім. Сапаржан, міне, мынау өзің оқыған мектебің. Мынау сондағы мөр. Ал, жарлық керек болса, мінекей, қазірден бастап директор өзіңсің. Көрші ауылда көптен шақырса да бара алмай жүрген туғаным бар еді. Осы бір жұмыстың аз кезін пайдаланып, бес-алты күнге соған барып қайтпақпын, – болды. Меңгерушісің деген жоқ, директорсың деді…”.
Міне, Сафекең осы бір беттік мәтінмен бүкіл болмысын суреттеп берген меңгеруші Зағыфыран Айтенова – менің ғазиз анам, Зағыпыран Әйтімова.
Мұғалімдер училищесін бітірген шешем соғыс алдындағы жылдарда, соғыс кезінде және Сафекең “Қарғашта” суреттеген соғыстан кейінгі жылдары Майбалық, Амангелді, Баян, Орталық ауылдарында ұстаздық қызмет атқарған. Кейінірек мен туған ауылға – Балуанға, әкем Кәкен (Қабдолла) ұлы Қабылмәжитке тұрмысқа шығып, біз – мен және Алма, Бақша, Сайран деген әпкелеріммен осында тұрдық. Аяулы әкеміз ерте, алпысыншы жылдардың басында қайтыс болды. Нағашым Ғайса Әйтімұлы – өзінің кеңпейіл жарқын мінезімен, тапқыр сөздерімен, қайда жүрсе де, туған-туыстарына, руластары мен жерлестеріне қанатымен су сепкен қарлығаштай қолғабыс етуден бір жалықпаған жайсаңдығымен осы өңірге де, бүкіл Арқаға да кеңінен белгілі болған ерекше жан, қайталанбас тұлға еді. Сол нағашым бізді көп ұзамай Алматыға көшіріп алды.
Менің содан кейінгі өмірім Алматыда өткені сондықтан. Шешемізден бір туған үлкен әпкем Мәриям мен ағам Марат одан ертеректе Алматыға келіп, осында оқып, шаңырақ көтеріп жатқан кездері. Марат ағам – үлкен ғалым, геология ғылымдарының докторы, профессор атағына шейін көтерілді. Бәріміз де Алматыда тамыр жайып, оқып, білім алып, өсіп-өндік, ескі астанаға өкпеміз жоқ. Ғазиз анам шөпшегінің алақанынан су ішіп, тоқсан жасқа келіп, дүниеден озды. Шүкір, о кісінің ұрпақтарының арасында әйгілі ғалым да, әлемге атағы жайылған музыкант та, еңбегімен танылған, талантымен көзге түскен басқаларымыз да бар. Әйтеуір, қай-қайсымыз да анамыздың жарқын бейнесіне кір келтірген жоқпыз деп білем. Шешеміз ғажап әңгімеші, сөзге ділмар, әнге де әуес, ашық та кең дауысымен кез келген отырыстың сәнін келтіріп жіберетін еді.
Анамыздың бұл қасиеттері тұла бойы тұңғышы Мәриям әпкемізге молынан қонған екен. Әпкеміздің кенжесі Теміржан Ержанов – танымал сазгер, қазір Америкада тұрады. Мәриям тәтем өзі сексенге келсе де, өнерге деген жанашырлығын үнемі байқатып жүреді. Күні кеше Алматыда Сегіз серінің 200 жылдығына орай өткен мәжі-істі ұйымдастырушылардың бірі де осы Мәриям әпкем. Бірер жыл бұрын өз ақшасына Сегіз серінің екі томдығын шығарған еңбегін де ұмытуға болмас. Өткен жылы ауыл жаққа барғанда мен де Сегіз серінің туған жерлерін аралап, Айымжан ауылында тұратын ұрпағымен танысқан едім. Биыл немере қызымызды Айымжан деп атауымның себебі де сол туған жерге деген сүйіспеншілігім, туған елдің маңдай алды тұлғаларына деген құрметім деп түсінерсіздер. Анамыздың Америка, Англия, Франция сықылды шетелдерде тұрып жатқан, еңбек етіп жүрген немерелерін айтпағанда, басқаларымыз осы Алматы мен Астанадан өз орнымызды, бақыт-құтымызды таптық. Алайда, қай-қайсымыз да өзіміздің түп-тамырымыз, әке-шешеміздің, ата-бабамыздың туған топырағы Солтүстік Қазақстан екенін естен шығармаймыз және соны қашанда мақтан тұтып, айтып жүреміз.
Менің балалық шағым өткен Балуан ауылы ол жылдары өзінің ең бір жұлдызды шағын бастан өткеріп жатқандай еді. Еске түсетіні – ымырт үйіріле, елдің жұмыстан қолы босаған кезде ауылдың орталығы – мектеп, дүкен және клуб орналасқан тұсында жастар жинала қалып, волейбол ойнап, доп теуіп немесе турникке тартылып, күш сынасып әбігерленіп жататын. Балалар сол маңайды жағалап, өздері ойнап, не үлкендердің сыртқа шыққан добын әперісіп, “пайда келтіріп” жүреміз. Үлкендер де сол тұста, клубтың не дүкеннің алдындағы орындықта әңгіме-дүкен құрып, қауқылдасып отырады. Кешке, сағат сегіз-тоғыздарда – кино, жұрт жапа-тармағай сонда жиналады да, он-он бірлерде кешкі самалмен тыныстап, қол ұстасып үйді-үйлеріне қайтады. Киноға үймелеп кірсе де, қайтқанда көбі екеулеп, оқшауланып, көшенің қараңғылау тұстарын жағалап қайтар еді.
Ол кездегі балалардың ойындары да қызық еді-ау. Қыста – аққала, шана, шаңғы, ауылды қоршаған көп көлдің мұз айдынында коньки теуіп, хоккей ойнаймыз. Жазда ойын түрі, тіпті, көп. Көлге шомылу, жидек теру, асық ойнау, доп қуу сияқты қызықтарды айтпағанда, Балуан балалары жиі ойнайтын, өзім кейін басқа еш жерде кездестірмеген ойын түрі “мәтке” деп аталатын, ол тұп-тура қазіргі америкалық бейсболдың жеңілдетілген түрі еді. Алпысыншы жылдары ауыл балалары оны қайдан үйреніп жүргені маған әлі жұмбақ. Сірә, азамат соғысы жылдары Омбы маңында тұрақтаған америкалық әскерлерден қалған “өнер” болса керек.
Балуанда өткен балалық шағымнан қалған жарқын естеліктер көп қой, қайсыбірін айтып бітерсің. Менің шешем он саусағынан өнер тамған ерекше жан еді. Өмір бойы ауыр еңбекте жүрсе де, қолы бір сәт босаса, іс қылудан, жіп иіру, тоқудан бір жалықпаушы еді. Ауыл әйелдері жиналып алаша тоқитыны, киіз басатыны да әлі күнге шейін көз алдымда. Демалыс болса-ақ, әр аулада пеш жағылып, бауырсақ пісіріліп, құрт қайнатылатыны тағы бар. Отты айналшықтап, сақаға құятын қорғасын ерітіп, біз де әлек боламыз да жүреміз. Естен кетпес, көңілге мұң, көзге жас үйіретін, күн өткен сайын алыстап бара жатқан қимас көріністер. Қайран уақыт!..
Сөйтіп, алпыс бесінші жылы, біз Алматыға көшіп келдік дедім ғой. Осындағы жалғыз қазақ мектебі – он екінші мектепті бітіріп, армиядан кейін, ҚазМУ-дің филология факультетіне түстім, онда үшінші курста оқып жүріп Мәскеу университетінің журналистика факультетіне ауыстым. Сонда отбасын құрып, тұңғышымыз Айнұр Мәскеуде туған еді, қызмет бабымен бүкіл әлемді аралап шығып, қазір отбасымен Парижде тұрады. Екінші қызым – Меруерт журналистика оқуын бітіріп, мамандығымен жұмыс істеп жүр. Кенже ұлым Мұхтар былтыр үйленіп, немерелі болып отырмыз. Бала кезінде шахматшы ретінде кеңінен танылып, бірнеше мәрте Алматы қаласының, республиканың чемпионы атанды, Франциядағы әлем чемпионатына қатысып, жақсы өнер көрсетті, спорт шеберлігінен үміткер нормасын орындаған ең жас шахматшы ретінде де аты шықты.
Өзім бірталай жауапты қызметтерде – Жазушылар одағында, “Қазақфильм” киностудиясында, Қазақ телевидениесінде жұмыс істедім. Негізгі көңіл бөлгенім аудармашылық өнер болды, қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне ондаған кітап, мыңға жуық кинофильмдерді аударған екем. Өмір бойы қызыққан өнерім фотография еді, осы салада елеулі еңбек атқардым деп білем. “Қазақтың інжу-маржан мекендері” атты үлкен фотоальбомым жұрттың ыстық ықыласына ие болды, онда қазақтың ең бір керімсал да көрікті жерлерінің фотографиялық бейнелері орын алды. Бұл өзі қазақ фотография өнері саласында ерекше оқиға болғаны анық, бірақ кітап бір мың ғана таралыммен басылды да, көпшіліктің қолына тие қойған жоқ.
Жаратқан ием қазаққа өзінің пейіліндей кең, көңіліндей көрікті ұлан-ғайыр жер сыйлағанына мың да бір шүкір айта отырып, сол алып та аяулы мекенді найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап келген қазақ батырларының мәңгі рухын ұлықтай жүре, аласапыран сын сағаттарда сол жерді теңдессіз парасат күшімен сақтап қалған Алаштың саяси көсемдерінің кемеңгерлігіне тағзым ету әр саналы қазақтың мәңгі парызы шығар.
Ал әлемдегі жер көлемі жағынан – тоғызыншы, ал көркемдігі жағынан теңдесі жоқ, жәннатқа бергісіз ғажап елдің ғажайып көріністері көкірегінде сәулесі бар кез келген қазаққа шабыт беріп, біреудің қолына қалам ұстатып, біреудің көмейіне ән ұялатары анық…
Шыр етіп жарық дүниеге келген сәттен-ақ бүкіл ғұмыры тылсым табиғаттың бел ортасында өтетін қазақ баласы сол табиғаттың қас-қабағын, көңіл-күйін қалтқысыз сезініп, оның ғажайып реңк-бояуларына армансыз қанығып, қадір-қасиетін айна-қатесіз түйсініп өскен. Қазақтың бүкіл өмірі туған табиғат аясындағы ғұмырлық саяхатқа парапар, сондықтан да халқымның атамекеніне деген құрмет-ілтипаты ерекше. Басқа елдерде соңғы бір-екі ғасырда ғана етек алған экологиялық көзқарас, яғни, қоршаған ортаға, туған табиғатқа деген жанашырлық, қазақ баласына туа біткен, атам заманнан-ақ тән қасиет екендігін халқымның мақал-мәтелдерінен, әсем әндерінен, ырым-нанымдарынан анық аңғаруға болады…
Мектеп қабырғасында пайда болған және өмір бойы қызықтырып келген фотография өнеріне деген құштарлықтың әсері болса керек, мен соңғы он шақты жылда сәті түскенде қолыма фотокамера ұстап, туған жерді жаяу жүріп те, көлікпен де аралауды әдетке айналдырдым. Фотожабдықтарды арқалап талай құздарға шығып, талай аңғарларға түстім, орман-тауларды аралап, өзен-көлдерді жағаладым. Және төл табиғат аясында өткізген әр мезетімді өмірімнің ең бақытты сәттеріне балаймын.
Шоқанның досы, қазақ жерінің жанашыры Потаниннің айтқан мына бір сөзі кеңінен танымал. “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді”, – деген екен ол, қазақтың әншіл жүрегіне бас ие. Мен дәп сол “әндетіп тұрған қазақ даласының” фотографиялық образдарын жасағым келді.
“Қазақтың інжу-маржан мекендері” кітабы туристерге арналған нұсқаулық емес, өлкетану оқулығы да емес, бұл туған жеріне ғашық жанның ата-бабасының қаны мен тері қатар сіңген бел-белестерге, жон-жоталарға, тау-тастарға, өзен-суларға тағзым ету үшін жасаған ғұмырлық саяхатының бір үзік көріністері.
Егер осы кітаптың ішінен көзіңізге ерекше ыстық көрініп, көңіліңізге ұялаған бірер кадр табылып жатса, және олар сіздің туған жерімізге деген іңкәрлігіңізді арттыра түссе, мен өзімнің авторлық мақсатымды орындалды деп білер ем.
Бораш КӘКЕН,
журналист, аудармашы, фотограф.