«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУАСЫ КЕҢ АТАЖҰРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тимирязев ауданындағы Құртай ауылдық округінің жері біздің арғы атамыз Құртай Қартанбайұлының қыстауы, ал Шал ақын ауданындағы Ұзынжар ауылдық округіндегі Құртай ауылының жері сол кісінің жайлауы болған екен. Бірі – қыстау, бірі жайлау болған жерлер осы өңірдегі бір құйқалы, шөбі шүйгін, оты мол аймақ болатын. Аталарымыз бұл жерлерді ежелден жайлағандықтан ел ішінде “Құртай” атанып кетуі де содан. Осы жерде атамыз Қасым, әкеміз Ахметжан дүниеге келген.

Алғаш рет бұл жерге әкем мені 5-6 жасымда әкелді. Ол уақыт Сталин қайтыс болғаннан кейін орнаған “Хрущевтік жылымық” жылдары еді. Осының арқасында әкемнің көңіл түкпірінде жүрген арманы орындалды. Туған жеріне келіп, ата-бабаларына ас берді, Құран оқытты. Сол кезде әкемнің айтқан мына бір өсиеті әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұрады: “Бұл жер – атақонысың. Ата-бабаларың ғасырлар бойы осы жердің тұтастығы, халқының амандығы үшін күрескен. Бұл жер – тамырың, тірегің және рухани күш-қуат алар қасиетті орын. Сол себепті, қайда жүрсең де, атбасын бұрып, амандығын біліп тұр, қолыңнан келген көмегіңді аяма”, – деп еді.

Әрине, аталарымыз жатқан, әкеміздің кіндік қаны тамған жер біз үшін аса қасиетті, қастерлі, киелі атажұрт болып саналады. Сол себепті осы атажұрттың жетістігін қуанышымызға балап, кемшін тұсын өз мініміздей қабылдаймыз.

Бүгінгі таңда Құртайдың ұрпақтары Астана, Алматы, Петропавл, Атырау, Көкшетау қалаларында, Ресейдің Түмен облысында өмір сүріп жатыр. Қазақтың кең даласында тарыдай шашылып жатқанымен атажұртпен байланысымызды үзбей келеміз. Осы жылдар ішінде кішкентай Отанымызға мүмкіншілігімізге қарай жүйелі түрде қолдан келер көмегімізді көрсеттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында “Туған жер” жобасын ұсынып: “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады”, – деген еді. Біз осы жобаны жүзеге асыруды сонау 1998 жылы бастап кеткен екенбіз.

Сол жылдары Құртайдың ұрпақтары жиналып, ата-бабаларымызға ас бердік. Жергілікті ақсақалдармен, зиялы қауым өкілдерімен, туыс-туғандармен кездестік. 1810 және 1888 жылдар аралығында өмір сүрген Құртайдың өзі халқына қайыры тиген, алақолсыз мырза әрі қара сөзге дес бермеген шешен адам болғаны жайлы кәріқұлақ ақсақалдар көптеген әңгімелер айтып, оның даналық сөздері мен би, бай ретінде атқарған игі істері туралы ауыздан ауызға тараған көптеген деректерді еске алып отырды. Әсіресе, байлардан зорлық­-зомбылық көрген кедейлер оның төрелігіне жүгініп, қолдау тауып отырған. Жарлы­-жақыбайларға, жетім­-жесірлерге қамқоршы, жақтаушы болуының арқасында өз ауылында ғана емес, болыста, уезде халықтың арасында әділ би атанған. Сауатты, араб тіліне жетік болған Құртай Қартанбайұлы шешендігімен, саясаткерлігімен, алдағыны болжай білетіндігімен көзге түскен. Сондықтан ол өзі өмір сүрген ортада “әділ би”, құрметпен “Құртай ата” атанған.

Осы өңірдің қазақ-орысы Құртайдың осы бір игілікті істерін ұмытпай, оның жеріне ресми билік Ракитное, Степное, Лебедевка деген селолар салғанымен, өзара әңгімеде күні кешеге дейін оларды “Құртай ауылдары” деп атай берген. 1971 жылы осы ауылдар қарайтын сайлау округі де “Құртай сайлау округі” деп аталған екен. Оның ұрпақтары саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартып, атажұрттан қуылса да, өткен ғасырдың 1960 жылдары – тың игерушілердің жаппай келуіне дейін Тимирязев және бұрынғы Сергеев аудандарында екі ауыл неліктен оның атымен аталғанын енді түсіндік.

Малды-жанды, оның үстіне ақыл-парасатымен өз ортасынан озық, білімді де білікті болған осы бір жанның есімін Кеңес өкіметі ұмыттыруды көздеп, қаншама шаралар жасаса да, оның есімі халық жадынан өшпеген. Халықтың тілегі, құрметі большевиктік-сталиндік идеологияға оның есімін елдің есінен өшірткізбеді, қандай қыспаққа алса да, атамыздың аты жерлестерінің жүрегінде мәңгі қалды.

Бұл кісілердің осы бір мықтылығын қалай құрметтемейсің, діліне болаттай беріктігіне қалай сүйсінбейсің?! Сонымен қатар Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, партия Құртай ауылының атын Ракитное қылып өзгертуге қарсы шыққандардың соңынан шам алып түскені де ел жадында. Атамыздың аяулы атын сақтауда өз өмірін бәйгеге тіккен адамдардың алдында басымызды иіп, зор алғысымызды білдіреміз. Бұл енді келесі бір әңгіменің бастауы болары анық.

1990 жылдардың аяғында бірнеше молданы арнайы шақырып, атамыздың басына орнатылған көнерген тас белгіге қашап жазылған ескі араб өрме жазуын тәржімалап, оның орнына қазіргі қазақ тілінде жазылған жазбасы бар жаңа белгі орнаттық. Басына шағын мазар көтеріп, ақсақалдарды, жергілікті қауымды шақырып, қазақ және мұсылман салтына сәйкес ас бердік. Ас үстінде қарттар естелік айтса, жас буын өкілдері Құртай ата жайлы естіп-білгендерін баяндап отырды. Олардың: “Осындай атасы бар ұрпақтың арымасы анық. Елмен бірге есін жиып, еңсесін тіктеген Құртайдың ұрпағы тектілігін жоғалтқан емес. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі”, – дегендерін құлақ шалды.

Ал біз өзіміздің тарапымыздан осы бір жүрек қалауы тұрғысынан ата-бабамыз жатқан жерге қолдан келер көмегімізді аямауға тырыстық. Қазақ халқы “Туған жерге туыңды тік!” – дейді. Біз атажұртымыздың туы жығылмасы үшін және жергілікті тұрғындардың өмірін жақсарту мақсатында кейбір мәселелерін шешуге қолғабыс еткен жайымыз бар. Мәселен, Ракитное ауылының балалары Степное орта мектебіне жаяулап-жалпылап барып оқиды екен. Осы бір жайтты естіген кезде Тимирязев ауданында тұратын туыстарымызбен бірлесе, осы балаларды тасымалдау үшін Степное орта мектебіне “ГАЗель” автокөлігін сыйладық.

Сонымен қатар Ракитное ауылы маңындағы зираттың қоршалмағанын көріп, мал аяғы баспас үшін, темір қоршау орнаттық. Бұл жұмыста ауыл тұрғындары ғана емес, жергілікті шаруа қожалығының иесі, бұрын депутат болған Тоқтар Бегенов техника бөліп, жұмысшыларын жіберіп, көмектесті.

Сондай-ақ, Степное ауылына су құбырының тартылуына жәрдемдестік. Мектепті жөндеп, оқу орнын қажетті жабдықтармен және спорттық құралдармен жабдықтадық, интерактивтік тақта алып бердік және тағы басқа шаруаларына көмектесіп жүреміз.

Біз Тимирязев ауданының, әсіресе, бұрынғы Степное ауылдық округінің тұрғындарына, сол кездегі облыс және аудан басшылығына табылған құжаттарға сәйкес белгілі болған жаңа фактілерге салғырттық танытпай, Құртайдың тұлғасына ғана емес, қазақ халқының тарихына партия мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан болған әділетсіздікті түсінгеніне ризашылығымызды білдіреміз. Осы түсіністіктің арқасында 2009 жылы тұрғындар да, билік те аталған округтің Құртай аталуына қолдау танытты.

2010 жылы жергілікті қоғамды, көрші ауылдың тұрғындарын тарта отыра, сонымен қатар Астана, Петропавл, Алматы, Көкшетау, Қостанай қалаларынан қонақтарды шақырып, Қазақстан Республикасы Парламенті және жергілікті мәслихаттар депутаттарының, ғалымдардың қатысуымен Құртай атаның 200 жылдығын атап өттік. Оған қатысқан жергілікті ақсақалдар, қонақтар, ғалымдар, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері академик­-жазушы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” кітабында Құртай мен оның балалары жайлы кең көлемде жазғанын да әңгіме барысында айтып отырды. Олар Құртайдың тұлғасы, оның ұрпақтарының тағдырына тоқталып, атамыздың абыройлы есімі ел есінде қайта жаңғыруы еліміздің Тәуелсіздігінің және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында екенін тілге тиек етті.

Өткен жылдың тамыз айында Қазақстанның әр өңірінде және Ресейдің Түмен облысында өмір сүріп жатқан Құртайдың ұрпақтары атажұртта жиналып, киіз үй тігіп, молда, туыс-туғанды, тұрғындарды шақырып, бабаларымыздың аруағына Құран бағыштадық. Түннің бір уағына дейін тегіміз жайлы сөйлесіп, сол жерде түнедік. Ертесіне туған жердің таза ауасымен тыныстап, көк шалғынында түнеп шыққан әрқайсымыз алған әсерімізбен бөлісіп, аталарымыздың батасын алғандай күй кештік. Осы бір сәт аға буынның ғана емес, жас ұрпақтың да көңіл түкпірінде ұзақ сақталарына сенімдімін.

Елбасы ұсынып, қоғам тарапынан қолдау тапқан “Туған жер” жобасында басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек және оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру қажет екендігі айтылған болатын. Осы жоба аясында елімізге белгілі аграрлық компаниялар Құртай ауылдық округін өздерінің тірек орны қылуды көздеп отыр. Әрі бұл маңдағы ауылдарда білікті кадрлардың жеткілікті болуы да, олардың жаңа өндіріс көзін ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге ынталандыруда. Бұл жоспар жүзеге асса, құртайлықтардың кейбір әлеуметтік мәселелері шешілері анық. Тимирязев ауданының бастамашыл және жаңашылдыққа құмар басшылығы бұл жобаны толықтай қолдап отыр. Ал біз үшін бұл зор қуаныш. Себебі, ойға алған іс орындалса, жерлестеріміздің өмір сүру сапасы жақсарып, тұрмысы түзелер еді.

Сабыр ҚАСЫМОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,

“Қаһармандар” республикалық қоғамдық қорының президенті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp