Тұңғыш Президент күніне орай Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте бесінші жыл қатарынан волейболдан қыздар арасында жарыс өтті.
Жарысқа Ғ.Мүсірепов атындағы №43 мектеп, қалалық қазақ мектеп-гимназиясы, әл-Фараби мектеп-лицейі, Ж.Тәшенев атындағы №20 орта мектеп, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат және Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен сегіз команда, барлығы жетпіске жуық жас волейболшы қатысты.
Жарыс қызғылықты да тартысты өтті. Оның қорытындысында оза шауып, бәйге алған №6 мектептің волейболшылары ерледі деуіміз керек. Екінші орыннан Ғ.Мүсірепов атындағы №43 мектеп көрінсе, әл-Фараби мектеп-лицейі үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаз командаларға кубок, доп және медаль тапсырылды. Ең намысшыл ойыншы аталымы бойынша әл-Фараби мектеп-лицейінен Сабина Өркешова, спорттағы жігері үшін аталымында Ғ.Мүсірепов атындағы №43 мектептен Зарина Рывкина мен Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен ең жас волейболшы Айша Қайыргелді марапатталды.
Жарысты ұйымдастырушы мектептің 2012 жылғы түлегі Медеу Көпешов демеушілік көрсетіп, өз қаражатына кубок, доп және медаль сатып әперген екен.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.