«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙЛІКТЕР ТАҢДАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің атағы бүгінде шартарапқа белгілі. Шекарамыз берік шегенделіп, тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған. Бұл – Елбасымыздың ерен еңбегінің, осыдан 26 жыл бұрын оны ақ киізге көтеріп, тағдырын табыстаған халқының сенімінің нәтижесі. Сол күннен бері Президентіміздің жан-жақты ойластырылған шешімдері Қазақстанды алға бастап келеді.

“Аққусыз көл жетім, басшысыз ел жетім” демекші, елді биікке жетелейтін дана басшы керектігін түсінген қызылжарлықтар Нұрсұлтан Назарбаевпен Президент сайлауына дейін де әрдайым бірге болды. Мысалы, 1984 жылы ол Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесіне Солтүстік Қазақстан облысынан депутаттыққа ұсынылды. Бұл тарихи оқиға “Қарағанды” кеңшарында өтіп, үміткер жайлы біраз пікір айтылды.

– Біз Президентпен бұрыннан таныс екенімізді мақтанышпен еске аламыз. Нұрсұлтан Әбішұлы солтүстікқазақстандықтардың оған әрқашан жақсы қолдау білдіріп жүретінін жиі айтатын. Бұл дәл солай, өйткені, біз оны қатты сыйладық, – деп жазылған Қазақстан Компартиясы Возвышен аудандық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Бубновтың естелігінде.

1991 жылдың 1 желтоқсаны қазақ халқының басына бақ қонған күн болды. Жалпыхалықтық сайлауда өздерінің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевты қолдауда солтүстікқазақстандықтар тағы да белсенділік танытты. Өйткені, ол сайлауалды науқаны кезінде, яғни 21-22 қараша күндері өңірімізде болып, бірқатар ұжыммен кездесіп, үмітті ақтауға уәде берген еді. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сенімнің үдесінен шыққанына осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.

Елбасын қолдауда Киров атындағы зауыт ұжымы ерекше белсенділік танытты. 1991 жылдың 21 қазанында өткен жиналыста бірнеше жұмысшы сөз алып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқаруға лайықты тұлға екенін нақты мысалдармен дәлелдеді. Мәселен, зауыттың жас жұмысшысы А.Башеев Нұрсұлтан Әбішұлының Алматы қаласында экономикалық қоғамдастық құру мақсатында 13 республика басшыларының кездесуін ұйымдастыруы дағдарысқа қарсы тұруға жасалған таптырмас шешім болғанын айтты. Осындай толымды пікірлер ұжымның кімді таңдайтындығын бірден анықтады. “Киров атындағы зауыттың 6500 қызметкері Нұрсұлтан Назарбаевқа бірауыздан дауыс берді”, – дейді зауыттың 1987-1998 жылдардағы директоры Борис Вассербаум.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі салтанатты түрде өтті. Ал 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялап, өз алдына жеке шаңырақ көтерді.

Иә, сол тарихи кезеңнен бері 26 жыл уақыт өтіпті. “Елі ерін қолдайды, ері елін қорғайды” демекші, бүгінде Елбасына сенім артқан елінің ұйқысы тыныш.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp