Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын айтқан болатын. Осыған орай, Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті орындары мен кешендерінің толық тізімі жарияланды. Қазақ халқының тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның 100 қасиетті орыны мен кешенінің қатарына Қызылжар өңірінен 6 нысан енді.
Еліміздегі киелі орындар нысандары бес топқа жіктелген. Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар тобына энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті болып табылатын “Ботай” қонысы еніп отыр. Ол Айыртау ауданының Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде. Ботай ескерткішіне 1981-1983 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізген. Аумағы 15 гектар жерді алып жатқан жұрттан табылған ат сүйектері ғалымдарды таңғалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылып, 133 мыңдай жылқы сүйегі зерттелді. Бұған дейін жылқылар қолға кеш үйретілген деген пікірлер айтылып келсе, енді ғалымдар жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылғанын дәлелдеген. Ботай мәдениетінің қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалар араласқан. Қоныстағы бұзылған тұрғынжайлардан табылған жәдігерлерді бүгінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан көруге болады.
Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар тобына Петропавлдағы “Абылай хан резиденциясы” енген. Үш жүздің басын біріктіріп, халқымызға азаттық әперіп, тарихта қалған Абылай хан мұражай-кешенін 2008 жылы 21 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан. Ғимараттың жалпы аумағы мен құрылымы – 1288,5 шаршы метр. Ақ үйдің алдында қоладан құйылған “Ат үстіндегі Абылай хан” ескерткіші бар. Авторы – мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. Мұрағаттық материалдардың мәліметтері бойынша, “Абылайдың, өтініші бойынша Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында әулие Петрдің бекінісі жанынан оның келіп тұруы үшін 1765 жылы ағаш үй салынды” (Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаты, 158-қор, 1-тізбе, 295-іс, 33-б.). “Абылайдың ақ үйі” тек қана тұрғын үй үшін емес, сонымен қатар шиеленісті мәселелерді шешуге арналған орынға айналды. Ғимараттың бекіністен 2-3 шақырым жерде орналасқандығы дәлме-дәл анықталды, бұл сол кезде (19 ғасырдың екінші жартысы) қаланың шеті болатын. Халық арасында “Абылайдың ақ үйі” атанған ғимарат өртке оранып, оның орнына тастан үй салынған. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Тайыр Мансұровтың бастамасы және Қазақстан Республикасының Президентінің қолдауымен 2006-2007 жылдары тарихи-мәдени ескерткішті қалпына келтіру қолға алынғанды. Бүгінде ол Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңіру үшін қызмет етіп тұр.
Киелі жерлердің осы тобына “Сырымбет мекені” деген атпен енген “Айғаным қонысы” – Абылай ханның тікелей ұрпақтары Уәли хан әулетінің мекен еткен жері. Белгілі шығыстанушы ғалым, тарихшы, этнограф, фольклоршы-географ, жиһангер Шоқан Уәлихановтың балалық және жастық шағы өткен жер. Тарихи деректерге сүйенсек, табиғаты әсем Сырымбет тауының баурайындағы Айғаным қонысының түпкі нұсқасын салуға бірінші Александр патшаның ықпалы болған. Алайда, Кеңес одағы кезінде қоныс қиратылып, оның бөренелері әртүрлі мақсатта пайдаланылған.
1985 жылы Сырымбетте Шоқан Уәлихановтың республикалық тарихи-этнографиялық мұражайы ашылды. Осыдан кейін атын өшіріп, жермен жексен етілген Айғаным қонысы қайта қалпына келтірілді. Бүгінде жаңа кейіпке еніп, тау баурайында менмұндалап тұрған Айғаным қонысы Шоқанның тарихи-этнографиялық мұражайымен біріктіріліп, Сырымбет мұражай кешенін құрайды. Мұражайда Шоқан Шыңғысұлының салған суреттері мен қолжазбалары, күнделікті қолданған заттары келгендерге тарихтан сыр шертеді.
Айыртау ауданы Мәдениет ауылының жанындағы биік төбешікте қазақтың батырлары Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай жерленген. Ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ қазақтың жеріне көз тікпегендер кемде-кем болғаны тарихтан белгілі. Қос батыр XVII ғасырдағы жоңғарларға қарсы қиын күресте Есім ханның қол астында жерімізді жаулаушылардан жарты ғасырға жуық уақыт бойы қорғаған. Қол басқарған Қарасай он сегізде ғана болса, ал Ағынтай оның көмекшісі әрі адал досы екен. 1999 жылы 15 қазанда батырлар жерленген төбеде мемориалдық ескерткіш ашылды. Биік төбе басындағы екі әскери дулыға түрінде қызыл кірпіштен салынған әсем құрылыстың арасына мешіт орналасқан. Мемориалдық кешен бүгінде қажылық және экскурсия орны болып табылады. Мұнда жұмыс сапарымен өңірімізге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та екі рет болған.
Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батырлардың тағы бірі Қожаберген жырау – Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе-Мамай қонысында дүниеге келген. Ақын, батыр, жырау, қолбасшы, мемлекеттік қайраткер. Тарихи деректер бойынша, Қожаберген Бұқара, Самарқанд пен Үргеніш медреселерінде оқып, араб, парсы тілдерін меңгеріп, ислам діні және шығыс әдебиеті бойынша білім алған. Қожаберген Тәуке хан тұсында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билермен бірге “Жеті жарғы” заңдар жинағын әзірлеуге қатысқан. Он үш жасынан өлең шығарып, аңыз-әңгімелерді өлеңмен жырлаған ол қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып “Ата тек”, “Бабалар тілі”, “Елім-ай” дастандарын жазған. Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарған. Бүгінде оның есімі халқына қайта оралды. 2003 жылы оның өлеңдері мен дастандары енген “Қожаберген жырау” атты кітап жарық көрді. Қожаберген жыраудың жерленген жерінде кесене, Пресновка қазақ орта мектебінде мұражай ашылды.
Құдайберді Құлсары мазары Есіл ауданы Бұлақ ауылынан жеті километр жерде орналасқан. Облыстық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы және мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің Ресей Федерациясының Мәскеу, Омбы, Орынбор қалаларының мұрағаттарынан сұратып алынған құжаттар, әсіресе, Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңінде жарияланған ғылыми еңбектер әйгілі жерлесіміз Құлсары батыр жайында мағлұмат береді. 1756 жылы қытайдың қисапсыз әскері қазақ даласына басып кіруге оқталғанда Абылай бастаған Қожаберген, Құлсары, Құлеке батырлар жасақ кұрып, жаудың шабуылына тойтарыс берген. Көреген де сұңғыла саясаткер Құлсары батыр отыз жылдан аса уақыт бойы Қазақ хандығын нығайту, оның сыртқы және ішкі саясатын қалыптастыру ісіне белсене қатысқан. Ол қазақ руларының арасында бірлік пен бейбітшілік орнатуға бар жанын салып, өзінің беделімен және шешендік өнерімен қантөгістерге жол бермеген. Құлсары батырдың бүкіл ғұмырнамасы Абылай ханмен тығыз байланысты. Ол өмір бойы Абылайдың сенімді серігі, кеңесшісі ретінде орыс үкіметімен қарым-қатынастарда ханның тапсырмаларын орындап келген. Көріпкелдігі, кісі емдейтін қасиеті болғандықтан, ел арасында Құлсары әулие атанған.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.