«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС АҚЫНДАР ЖЫРЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында “Жалынды жастар жырлайды” ұранымен облыстық жас ақындар айтысы өтті. Мәдениет және білім басқармалары ұйытқы болып, биыл ғана ашылған облыстық жас ақындар орталығы ұйымдастырған сөз сайысына Қызылжар мен Көкшетау өңірлерінің 11 ұланы қатысты.

“Болар бала жасынан” демекші, қатысушылардың барлығы дерлік мектеп оқушылары болғанымен, айтқан ойларының ауқымы кең, сөздері салмақты шықты. Қоғамның кейбір кемшін тұстарын сынап, әдемі әзілдерімен қалалық Мәдениет үйіне жиналған жұртшылықты желпінтіп отырды. Ұйқас жағынан аздап ақсағаны болмаса, сахнада өздерін талай аламанның алдын көрген ақындардай ұстай білді.

Қалалық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Дәстен Баймұқанов бастаған қазылар алқасының төрелігімен Диас Аяған мен Ақтілек Қайымхан үшінші орынға ие болды. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы Диас Аяған жақында ғана Көкшетауда өткен додада жеңіске жеткенін айта кеткен жөн. Әуезді әнімен, отты жырымен көрерменнің көзайымына айналған көкшетаулық Бағызор Ерболқызы екінші жүлдені еншіледі. Ал бірінші орын Айыртау ауданына қарасты Дәуқара ауылынан келген Дәулет Құрмашқа бұйырды. Қызылжардың қасиетті қарашаңырағы – “Солтүстік Қазақстан” газеті де айтыстан қалыс қалмай, ақындардың біріне арнайы жүлде табыс етті.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp