«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасында жергілікті кәсіпкерлерге “zoodmall.кz” бөлшек сауданың электрондық алаңы таныстырылып, оны қолдану бойынша бизнес-семинар өткізілді.

“Zoodel” компаниясы мен “Қазпочта” акционерлік қоғамы “Онлайнға шық та, әлем бойынша сауда жаса!” атты бизнес-семинарды еліміздің барлық қалаларында өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай шаралар кәсіпкерлерге “zoodmall.кz” электрондық сауда алаңы арқылы жекелей тауарларды сыртқа шығаруға үйретеді. Осылайша, отандық тауар өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктеріне жаңа серпін берілмек.

– Бұған дейін “Жібек жолы” елдерімен сауда-саттық байланысына шыққылары келетін өндірістік компаниялар үшін көтерме сауда жасайтын “Zoodel” В2В электрондық алаңын ашқан. Ендігі “Zoodmall” В2С алаңы кәсіпкерлер үшін бөлшек саудамен де айналысуға мүмкіндік береді. Яғни, кез келген сатушы поштаның көмегімен өнімін шетелге асыра алады. Алдағы уақытта “Zoodmall” “Жібек жолы” елдеріне де таныстырылмақ. Бұл электрондық жүйеге енгізілген қазақстандық өнімдер әлемнің ең ірі деген 24 сауда алаңынан көрінетін болады, – деді компанияның сауда жөніндегі директоры Азамат Мұхамед.

Бүгінгі таңда “Zoodel” сауда алаңына 1700-ден астам қазақстандық тауар өндіруші тіркеліп, олардың 3 мыңнан асатын өнім түрі енгізіліпті. Әлем бойынша электрондық бөлшек сауда көлемі өткен жылы 800 миллиард АҚШ долларын құраған. Қазақстанда да мұндай сауда нарығы қарқынды даму үстінде: 2016 жылы ішкі электрондық сауда-саттық көлемі 79 миллиард теңгеге жеткен. Ішкі саудамен шектелгісі келмейтіндер үшін “Zoodel” компаниясы мен “Қазпочта” АҚ-ның кешендік ұсыныстары тауарды экспорттаудың оңтайлы тәсілі болмақ. Әрі қазақстандық орта және шағын бизнес өкілдері үшін бұл бағдарламаға тіркелу тегін.

– Бүгінгі таңда электрондық сауда-саттық жүйесінің дамығаны соншалық, тіпті, әрбіреуіміз де оның қатысушысы болып үлгердік. Мұндайда, әрине, жаңа сауда құралдарын меңгеріп, көпшілікке ұсыну тиімді әрі кәсіпкерлер үшін де пайдасы зор, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов.

“Қазпочта” АҚ-ның да аталған бағытта жұмыс жасау үшін өз қызметін жетілдіре түскені байқалып отыр.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер

палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp