«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ КЕМЕҢГЕР БАСШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1991 жылдың бірінші желтоқсаны – Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылатын айрықша дата. Бұл күні күллі қазақ жұрты жалпыхалықтық сайлау барысында тарихи таңдау жасап, ел тағдырын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырған болатын. Бұрнағы күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен “дөңгелек үстел” отырысында Елбасымыздың мемлекет құрудағы батыл істері тақырыпқа арқау болды.

Мерейлі шараның мұражайдағы Тұңғыш Президент атындағы залда өткізілуі де кездейсоқ жағдай емес. Елбасымыздың өмірі, қызмет жолынан, ерен еңбегінен хабар беретін жәдігерлерге толы залдың мереке қарсаңында экспозициясы жаңартылған. Тұңғыш Президент атындағы залға Елбасымыздың шетел басшыларымен ресми кездесулерінде, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамында, сонымен қатар Челябі қаласында Қазақстан және Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында өткен ресми кездесуі барысында түсірілген фотосуреттері қойылды.

“Дөңгелек үстел” басына жиналғандарды осынау айтулы мерекемен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

– Егемен­дік­тің елең-алаңынан, тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан бері Елбасымыз мемлекетті құрумен бірге сол жас мемлекетті сыртта танытумен де қатар айналысты. Мемлекет басшысының жыл сайын жариялайтын Жолдаулары, реформалары мен бағдарламалық мақалалары жас Қазақстанның қарқынды дамып, әлемнің озық мемлекеттерінің қатарына қосылуын көздейді. Ендеше, баршамыз Елбасымыздың “Мәңгілік Ел” идеологиясының төңірегіне топтасып, эко­номикасы қуатты, ахуалы тұрақ­ты, саясаты сенімді, мығым мемлекет ретінде танылуына зор үлес қосуымыз қажет, – деді Мадияр Қожахмет.

Содан кейін сөз алған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Орхан Сөйлемез дүйім жұртты мерекемен құттықтай келе: “Мен Қазақтанның Түркістан, Орал, Астана сияқты бірнеше қалаларында қызмет атқардым. Бауырлас түрік елінің азаматы ретінде сіздердің барлық қуаныштарыңызға ортақ екенімді айтқым келеді. Түркі жұрты Қазақстан Президентін “Түрік әлемінің ақсақалы” деп ерекше құрметтейді. Астанада ашылған “Түркі академиясындағы” түркі тарихы және мәдениеті, түркі тілін зерттеу, түркі кітапханасы орталықтары қазақ пен түркі халықтарының арасындағы шынайы достықты дәріптеп келеді. Осының бәрі Елбасының бірліксүйгіштігін көрсетеді”, – деді.

“Дөңгелек үстел” отырысы барысында еңбек ардагері, Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайыров Елбасымызбен бірнеше мәрте кездесіп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайлы әңгімелескенін тебірене еске алды. Өңірімізге танымал азамат, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше назар аударып, қамқорлық көрсетіп отырғанын, астықты өлкенің бұл бағытта бағындырар белесінің әлі де алда екенін тілге тиек етті.

Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина Ел Президентімен үш мәрте жүздесу бақытына ие болғанын айтып, Елбасы сенім артқан қазақстандық жастардың, соның ішінде қызылжарлық өрендердің еліміздің қарышты дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp