Петропавлда “Қайырымды жан – 2017” байқауының қорытындысы шығарылды. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет өңіріміздің қайырымдылықпен айналысып жүрген қолы ашық жандарын марапаттады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының “Қайырымды жан – 2017” байқауын өткізуі – құптарлық іс. Бұл байқау біздің азаматтардың еліміздің әлеуметтік-саяси өміріне белсенді қатысатынын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын қолдайтындығын көрсетеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.
“Қоғамдық келісім” КММ-нің жетекшісі Әсемгүл Есқожаның айтуынша, аталмыш байқау өңірімізде қатарынан екінші жыл ұйымдастырылуда. Меценаттар 6 аталым бойынша марапатталды.
Оның 5-інде қайырымдылықпен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және этномәдени бірлестіктердің еңбегін атап өту көзделсе, алтыншы аталым шекаралық әріптестікке бағытталған. Бұл аталым бойынша биыл көктемгі тасқын кезінде қызылжарлықтарға қол ұшын созған Ресейдің Түмен облысының қазақтар қауымдастығы жеңімпаз атанды. Ал орта және ірі кәсіпорындар арасынан бұл атаққа “Тайынша-Астық” ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский ие болса, жеке кәсіпкерлер арасынан марапатты “Семидоцких” ЖК-нің директоры Елена Семидоцких алды. Қайырымдылық қорлары ішінен “Солнечный дом” қоғамдық бірлестігінің басшысы Анастасия Швец ең жомарт жан атанды. Сонымен қатар “Ассамблея” корпоративтік қорының директоры Евгений Хан үкіметтік емес ұйымдар арасынан, ал “Сомониен Север” тәжіктер қауымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анваршох Амиршоев этномәдени бірлестіктер арасында “Қайырымды жан – 2017” атағына ие болды.
– Жыл бойы балаларға қайырымдылық көмегін көрсетуге арналған әртүрлі жобаларға қатыстым. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезінде іскер әйелдер қауымдастығымен бірге зардап шеккендерге көмектестік. Жазда “Жұлдызды аспаз” акциясы кезінде жеңіске жетіп, тапқан табысымды балалар үйіне бердім, – дейді жеңімпаздардың бірі, Петропавлдағы флористикалық салонның иесі Елена Семидоцких.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.