Астанада “Тіл жанашыры – 2017” республикалық байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл құрметті атаққа Солтүстік Қазақстан облысынан танымал кәсіпкер, қазақ тілі мен өнерінің қамқоршысы Жомарт Омаров ие болды.
Аталмыш марапат жыл сайын мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға сүбелі үлес қосқан еліміздің және шетелдердің азаматтарына табысталады. Байқауды 2007 жылы “Тіл жанашыры” қоғамдық бірлестігі бекіткен болатын. Үміткерлерді марапаттау рәсімі екі жылда бір рет өтіп тұрады. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған байқаудың жеңімпаздарының саны 30-дан асып жығылады. Олар – түрлі салада өз ісінің үздігі болып қана қоймай, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға елеулі үлес қосқандар.
Жомарт Жақсылықұлын “Тіл жанашыры” байқауының лауреаты атануымен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл Қызылжар өңірінде өнердің, соның ішінде айтыс пен дәстүрлі әншіліктің өрге басуына, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне, жалпы руханиятымыздың кемелденуі жолында істеп жүрген қамқорлық ісіңізге берілген жоғары баға деп білеміз.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.