Қылышын сүйретіп қыс келсе де, көпшілік еліміз үшін берекелі де мерекелі ай – желтоқсанды асыға күтеді. Бұл айдың алғашқы ақ таңы атысымен Тұңғыш Президент күні тойланса, он бес күннен соң тұғыры биік Тәуелсіздік мерекесін атап өтеді. Елбасы мен Тәуелсіздік – бір-бірінен бөліп-жарып қарауға болмайтын егіз ұғым.
Егемен елдің еңсесін көтеріп, озық мемлекеттер қатарына қосудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Сол себепті, осыдан алты жыл бұрын “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” Заңға толықтыру енгізіліп, еліміздегі мемлекеттік мерекелер қатарына 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қосылған болатын. Иә, тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ел тізгінін қолға алу батыл қадам еді. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекелге бел байлап, елімізді басқаруға ықылас танытуы оның тұлғасының биік екенін айқындап тұрғандай. Осыны анық түсінген отандастарымыз 1991 жылғы жалпыхалықтық сайлауда оған барынша қолдау білдіріп, нәтижесінде Елбасымыз 98,8 пайыз дауыс жинады. Міне, сол айтулы күннен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы тәй-тәй басқан жас мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызды.
Айтулы мереке Петропавл қаласында кеңінен аталып өтті. Бұл күні алаңдарда би биленіп, ән шырқалды. Шараны тамашалауға келгендердің қарасы қалың болды. Мәселен, оған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекенов пен зайыбы Сара апай келіпті. Ақиық ақынның ұрпағы Елбасына мықты денсаулық тілеп, оның сара жолы жастарға үлгі екенін жеткізді.
– Нұрсұлтан Назарбаевтың тындырған ісі ұшан-теңіз. Мысалы, сәні жарасқан жаңа астана салып берді. Бұрынғыдай емес, бүгінде халықтың тұрмысы түзелді. Қарны тоқ, көйлегі көк, – деді Тасболат Сәлімжанұлы. Ал Сара Бекенова болса, Елбасының сарабдал саясатының арқасында бірнеше этнос бір аспанның астында тату-тәтті тұрып жатқанын айтты.
Тәуелсіздік таңы атқалы Елбасымыз мемлекетімізді әлемдік қауымдастыққа танытты. Шекарамыз шегенделіп, дүниежүзінде бірінші болып ядролық қарудан бас тарттық. Жақында өзіне бар әлемнің назарын аудартқан халықаралық “ЭКСПО – 2017” көрмесін абыроймен өткіздік. Елбасымыздың елімізді осындай жетістіктерге жеткізетініне халық әу бастан-ақ сенімді болды. Бүгінде сол сенімнің ақталғанына барша ел куә.
Мереке барысында көпшілік жергілікті өнерпаздардың отансүйгіштікке толы әндерін тыңдап, “Ақ тілекпен, Елбасыға!” акциясына да қатысты.
Тұңғыш Президент күніне орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде “Ашық есік күні” өтті. Бұл күні мұражайға келген әрбір адам ондағы көрмелер мен экспонаттарды, құнды тарихи құжаттарды тамашалады.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында мереке қарсаңында Елбасымыздың өмірі, қызмет жолы, ерен еңбегінен сыр шертетін жәдігерлерге толы Тұңғыш Президент залының экспозициясы жаңартылып, Елбасының шетел басшыларымен ресми кездесулерінде, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында, Челябі қаласында Қазақстан және Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында өткен ресми кездесулер барысында түсірілген фотосуреттері қойылған болатын. Сонымен қатар “Дәуірді өзгерткен адам” көрмесінің де тұсауы кесілді. Мұнда Елбасының 26 жылда жүріп өткен жолы мен есіл еңбектері жайлы жазылған жинақтар қойылған. Мереке күні жаңартылған экспонаттарды тамашалауға ниет білдірген барша тұрғындар үшін мұражай есігі айқара ашылды.
Тұңғыш Президент күнінде “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніне барғандар “Елбасы – ел мақтанышы” атты жылжымалы көрмені тамашалады. Оларды мұражай-кешеннің бөлім меңгерушісі Даяна Әміренова қарсы алып, ондағы жәдігерлермен, құнды фотосуреттер мен қызықты ақпараттармен таныстырды. Келушілер қатарында Петропавл халықаралық әуежайының қызметкерлері мен Астана қаласынан келген қонақтар және қала тұрғындары болды. Мұражайлардағы “Ашық есік күні” барша көрерменнің көңілінен шығып, олар шараны ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.