Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің кәсіби дайындық мектебінде “Тәуелсіздік жылдарындағы Тұңғыш Президенттің рөлі” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті.
“Дөңгелек үстелге” облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Роксана Орынбасарова қатысып, Елбасымыздың қызметі жайлы баяндама жасады. Тыңдаушыларға Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі мен егемен елді әлемдік деңгейге көтеруге үлес қосқан Елбасының өмірі жайлы кеңінен айтылды. Мемлекет басшысының елге сіңірген еңбегінің нәтижесі ретінде Тұңғыш Президент күнін атап өту дәстүрге айналғанын баяндамашы тілге тиек етті. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында жас мемлекетіміз дамыған елдермен терезесін теңестіріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан әлемдік деңгейге көтерілген елдердің қатарында. 26 жылдың ішінде адам танымастай өзгерген еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан Елбасымыздың есімін ерекше атап өткен жөн. Елдің бірлігін сақтап, берекесін арттырған Елбасының өнегелі істерін үлгі еткен баяндамашы қазақстандықтар үшін Президент күні мән-мағынаға толы мереке екенін жеткізді. Сарабдал саясаттың нәтижесінде елдің беделі көтеріліп, биік белестерге қол жеткізуіміз де Президентіміздің арқасында. Сондықтан жарқын жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізу баршамызға жүктелген міндет.
Серік ШАҚАБАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің
бөлім басшысы.