«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙШЫҚТЫ ҚОЛТАҢБА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаламызда іргелі құрылыс фирмаларының бірі – “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Олардың облыс орталығында ғана емес, өңіріміз бойынша қалдырған қолтаңбалары айтарлықтай айшықты. Бүгіндері көпшілікке танымал іргелі кәсіпорын атанған ұжымның тындырып жатқан істері де ауқымды, жұмыстары әр уақыт қарқынды. Олар тұрғызған тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар және тағы басқа әлеуметтік-тұрмыстық нысандар бүгінде халық игілігіне айналған. Атап айтқанда, серіктестіктің құрыш қолды құрылысшылары салған қалаға көрік, ауылдарға ажар берген кез келген нысанды алып қарасаң да, басқаларымен салыстырғанда заманауи талғамымен, сән-салтанаты жарасқан сапалылығымен ерекшеленеді.

“Жас өркен” шағынауданында бұған дейін, негізінен, жеке сектордағы тұрғын үйлер, олардың арасында шағын дүкендер, салынғанына талай жылдар өткендіктен, жұпыны тартқан басқа да түрлі нысандар орналасқан болатын. Бүгіндері сол көшенің екі жағы да түгелдей сүріліп тасталған. Жолдың екі қапталында қызу жұмыс жүргізілуде. Жамбыл және Таштитов көшелерінің қиылысында салынып жатқан тұрғын үй назар аудартады. Олай болатыны, кеше ғана іргетасы қаланған үйдің қабырғаларын тасқалаушылар көз түсетіндей көтеріп үлгерген. “П” әрпі үлгісінде салынатын бұл үйдің бір жағынан осындай көріністі көрсең, келесі жағында оның іргетасын орнату үшін қазан-шұңқыр қазылып жатыр. Осыдан-ақ, құрылыс жұмыстарының бұрынғыдан ерекше, жаңаша әдіспен жүргізілетінін түсінесің. Бұған дейін тұрғын үй құрылысын жүргізгенде алдымен олардың қабырғалары көтерілетін. Басқа жұмыстарға содан кейін барып кезек берілетін.

– Бұл үйдің бір бөлігінің іргетасын мұқият дайындық жасап алғаннан кейін тамыз айының аяғында қаладық. Одан әрі жұмысымыз қалыпты жағдайда жалғасып кете барды. Қазір үйдің төрт кіреберісінің үшінші, төртінші қабаттарының қабырғалары көтерілуде. Оларға есік, терезелер бірден салынып, лоджилер қоршалып, жертөленің қабырғалары жылытылатын материалдармен қапталып жатыр. Су, жарық, кәріз құбырларын тарту, электр сымдарын монтаждауға қатысты істер де рет-ретімен жүргізіледі. Бұл белгіленген кестеден қалмай, қажет болса содан оза, құрылыс нысанын мерзімінен бұрын аяқтауға септігін тигізеді, – дейді прораб Роман Тыртышный.

Қалалық әкімдіктегі құрылыс бөлімінің тапсырмасымен бас мердігер “Основание” ЖШС-і жүргізіп жатқан тоғыз қабатты бұл үйдің тағы бір өзіндік ерекшелігі бар. 2019 жылдың күзінде тапсыру жоспарланып отырылған бұл үйге 332 отбасы қоныстанбақ. Сондай-ақ, тағы бір қуанарлық жағдай, осы үйдің бірінші қабаттарында бүлдіршіндерге арналған екі шағын орталық қоса ашылатындықтан, көптеген ата-аналар өздерінің балаларын соған беруге мүмкіндік алады.

Күрделі саналатын құрылыс-монтаж жұмыстарына үйдің іргетасын және қабырғаларын кірпішпен қалау жатады. Құрылыс қыс айларында да жүргізіле берілетіндіктен, ондай жұмыстарда тоқтау болмайды. Бүгінде құрылыс алаңында 80 жұмысшы еңбек етуде. Бұл жерде, пайдаланылатын құрылыс материалдарына келетін болсақ, олардың барлығы бірдей бұрынғы кездегідей сырттан әкелінбейді. Тұрғын үй құрылысында түрлі мөлшердегі плиталар ең қажетті материалдардың бірі болып саналады. Бұған дейін ол Астанадан жеткізілген. Қазір онымен өз жұмысын жақсы жолға қойған “Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кез келген құрылыс жүргізумен айналысатын фирмаларды қажетінше қамтамасыз етіп отыруға қауқарлы. Ал түрлі темір-бетон блоктарын, аралықтарға салынатын қосқыштарды, пластикалық есік, терезелерді “Основание” серіктестігі өздерінің цехтарында жасап шығарады.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp