Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында республикалық ақындар сайысы өтті.
Тұңғыш Президент күніне орайластырған шараға жиналған бес жүзге жуық көрермен он екі суырып салма ақынның сөз сайысын тамашалады. Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған мәдени шараға Қызылорда, Семей, Алматы, Көкшетау және Петропавл қалаларынан республикалық, аймақтық ақындар айтыстарының жеңімпаздары қатысып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Сахна саңлақтарын және мерекеге жиналған жырсүйер қауымды Тұңғыш Президент күнімен Уәлиханов ауданының әкімі Медет Оспанов құттықтады.
– Бұл – үлкен маңызға ие мереке. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын айқындап, болашаққа бағыт берген Тұңғыш Президенттің барша Қазақстан халқы алдындағы еңбегі өте зор. Осыдан 26 жыл бұрын қазақстандықтардың басым бөлігі Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс беріп, еліміздің болашақ тағдырын айқындаған болатын. Елбасы сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, тәуелсіздікті баянды, егемендікті еңселі ете білді, – деді Медет Дулатұлы.
Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі асулары мен бағындырған белестерін тілге тиек еткен әкім осы ауданда Елбасының сындарлы саясаты арқасында оң өзгерістер болып жатқанына тоқталды. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау салалары дамып келе жатыр, сонымен қатар тұрғындарды таза ауызсумен қамту жұмыстарының жоспарға сай істелуіне басымдық берілген. Ауданда жаңа нысандар да ашылуда.
Салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіп одағының үшінші дәрежелі “Еңбекдаңқы” төсбелгісімен “Қайыңды” ЖШС-нің механизаторы Руслан Мусин мен “Жолдасбай-Агро” ФҚ-ның жүргізушісі Қайрат Белгібаев марапатталды. Бір топ азамат Уәлиханов ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар “Рухани жаңғыру” мемлекеттік бағдарламасы аясында Петропавл қаласында өткен Уәлиханов ауданының мәдениет күндеріне белсенді атсалысқан өнерпаздар мен бірнеше ұжым Алғыс хатқа ие болды.
Аудан орталығының мекемелері мен кәсіпорындары арасында осы мерекеге орайластырып спартакиада ұйымдастырылған болатын. Жалпыкомандалық есепте аудандық мемлекеттік кіріс басқармасы және Кішкенекөл ауылдық округі әкімінің аппаратының командалары топ жарып, жеңіске қол жеткізгені де осы кеште анықталды. Ауыл шаруашылығы, өнер, спорт, мәдениет және басқа да салалар бойынша озық шыққандар лайықты марапатқа ие болды.
Жиынның салтанатты бөлігінен кейін айтыстың бірінші айналымы басталды. Бірінші жұпта Көкшетау қаласының ақыны Қуаныш Оспанов пен Семейден келген Мария Ақбаба өнер көрсетті. Ақындар “Ел тірегі – Елбасы” деп аталған айтыстың басты тақырыбының тамырын тереңнен басып, өзара бәсекеде осынау ерекше сайыстың дәстүрлі үлгісінен жаңылмады.
Көкшетаулық Нұрислам Әбділ мен Уәлиханов ауданының намысын қорғаған Амангелді Оқастың айтысы да көптің көңілінен шықты. Екі ақын да сөз шеберлігін көрсете білді. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұлттық кодтың сақталу маңыздылығын, жүз жаңа есімнің ұрпақ үшін қажеттілігін, латын әліпбиіне көшу болашаққа бастар бағыт екенін ұйқасты сөздермен залда отырған жұртқа жеткізе білді.
Облыстық ақындар айтысының жүлдегері Санжар Сабыр мен Қытайдан келіп, Астана қаласында білімін шыңдап жүрген өнер иесі Сұлужан Таубалды арасында өткен сөз сайысын көпшілік ықылас қоя тыңдады. Аты затына сай Сұлужан көрерменді біріншіден, ақындық өнерімен, екіншіден, нәзіктік пен сұлулығымен, үшіншіден, өткір тілімен тәнті етті. Жас ақындар “жеңге мен қайны” арасындағы айтысты жандандырды. Еркелікке салған Санжар айтыс аяқталғанша “жеңге” деп тиіскен Сұлужанға қазақтың салты бойынша өзіне ат қоюын сұрап сынады. Сөзге шебер Сұлужан Санжардың қалауын орындап, оған “тентегім” деген ат қойып, дүйім халықтың көңіл-күйін бір көтеріп тастады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жоғалып бара жатқан дәстүрлерді тілге тиек еткен ақындар әзілмен көмкерілген орамды ойларымен ата-анаға, жасы үлкен қария мен қартқа деген құрмет-қошеметтің маңыздылығын айтысқа арқау етті. Жас болса да, тұшымды ойларымен көптің көкейінде жатқан біраз өзекті мәселені қозғай білген Сұлужан мен Санжардың айтысына халық ерекше қошемет танытты.
Бұл күні өнер көрсеткен жұптардың барлығы түйінді сөз сөйлеп, тапқырлық пен ой ұшқырлығының үлгісін көрсете білді. Бірақ сайыстың аты – сайыс. Сондықтан екінші айналымға тек екі жұп жолдама алды. Бірінші жұпта республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Мөлдір Айтбай (Қызылорда қаласы) мен Нұрислам Әбділ (Көкшетау қаласы), ал екінші жұпта Мұхаммед Қоңқаев (Қызылжар қаласы) пен Сұлужан Таубалды (Астана қаласы) болды.
Өнер саңлақтары өмір шындығын айтыстың негізгі түйініне айналдыра білді. Сонысымен де, айтыс қызықты да тартымды өтті. Қыз бен жігіт, жезде мен балдыз, жеңге мен қайны, ұстаз бен шәкірт, құрдастар арасындағы астарлы әзілмен өрілген ұйқасты өлең жолдары арқылы айтыстың ажарын аша түсті.
Айтысқа шөліркеген ауылдағы ағайын үш сағат бойы ақындар арасындағы сөз тартысының куәгері болды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Мұхаммед Қоңқаевқа бұйырды. Бірінші орынға Нұрислам Әбділ лайық деп танылса, екінші орын өткен жылдың жеңімпазы Мөлдір Айтбайға берілді. Ал Сұлужан Таубалды үшінші орынды місе тұтты.
Жеңімпаздардың барлығы ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталды.
– Уәлиханов ауданында өте тамаша айтыс өтті. Аудан көлемінде өткізілген мәдени шара болғанымен, ауқымы республикалық деңгейден кем емес деп айтуға әбден болады. Өйткені, айтысқа сонау Қызылордадан, Семейден, Астанадан, Көкшетаудан он екі ақын қатысты. Қыз бен жігіттің айтысында қарындасқа деген сыйластық сақталса, жігіттер арасында ағалық мінез, інілік қамқорлық танылды. Мұхаммед Қоңқаевтың, Нұрислам Әбділдің, Құрмет Құралханның есімдерін ерекше атап өтуге болады. Олар айтыстың тақырыбын ашып, ел бірлігі мен Елбасының сындарлы саясаты жайында тұшымды ойларын айта білді, – дейді қазылар алқасының мүшесі Таңат Бейсенбаев.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.