Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Сол туған жерінің кешегі күні бүгінгіден жарқын болуына, өркендеп, дамуына зор үлес қосып, ауылды ынтымаққа, ауызбіршілікке шақыратын азамат атанудың жолы қиын, салмағы ауыр. Бұл жүкті көтере білетін де, қадірін кетіріп, қиюын қашыратындар да бар. Алайда, арамызда мағыналы тірлікпен, ел мен жер үшін сіңірген еңбегімен қадір-құрметке бөленіп, ел ағасы атанып жүрген жандар аз емес. Айыртау ауданындағы Төменгі Бұрлық ауылында тұратын Сейілбек Махметов – адамдық, адалдық болмыс-бітімімен, жұртына қадірлі, еліне сыйлы жан.
Кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына бет бұруына күзгі жиын-терім кезіндегі ауылдың қарбалас кезі әсер етсе керек. Бала кезінде ауыл сыртындағы егіс алқабында бірінің соңынан бірі тізіліп кетіп бара жатқан комбайндарға қызыға қарайтын. Әбден пісіп самал желге тербелген алтын астық оған сап-сары теңіздей, ал комбайндар кемедей көрінуші еді. Сол кеменің штурвалында өзі отырғандай болатын.
Бүгін ол – бала күнгі арманына жетті, “Бабық-Бұрлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тізгінін ұстап, тәуелсіз еліміздің табысына қомақты үлес қосып жүрген басшы. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларымен жігерленген кәсіпкер егемен еліміздің қол жеткізген табыстарына тоқмейілсіп қалмай, әлемдегі 30 озық елдің қатарына ену үшін қайраттана еңбек етуде. “Бабық-Бұрлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі ірі фирмалардың қатарындағы “Қазэкспортастық” холдингінің құрамында жұмыс істеп келеді. Қазір серіктестік – ауданымыздағы ірі астық өндіруші шаруашылық.
– Өндіріс көлемін арттыру үшін техникалық қайта жарақтандыруға, қор үнемдеу технологиясын енгізуге, минералдық тыңайтқыштарды және өсімдік қорғау заттарын тиімді пайдалануға, осы заманға сай өндіріс менеджерлері мен мамандарын даярлауға айрықша көңіл бөлеміз. Жүйелі жұмыс егін шығымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттің қолдауы арқасында ең озық үлгідегі техникалармен жұмыс істейміз. Өңірімізге жұмыс сапарлары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің егіс алқаптарында бірнеше мәрте болып, жайқалған алтын астыққа көңілі толғанының куәсі болдым, – дейді кәсіпкер.
Техникаларды тиімді пайдалану, астық өндірісіндегі осызаманғы озық технологияларды игеру мақсатында мамандар АҚШ, Канада, Германия сияқты елдерде өндірістік тәжірибеден өтеді. Бүгінде шаруашылық астық өндірісінің нөлдік технологиясымен жұмыс істейді. Астық сақтауға арналған тоғыз бинза іске қосылған. Серіктестіктің ғимараты мен машина-трактор паркін, наубайхана мен ауылдық клубты жылыту үшін арнайы сабанмен жағылатын қазандықтар орнатылған. Мал шаруашылығында қырыққа жуық адам еңбек етеді.
Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында айтқан қалыпты және шынайы патриоттық сезімді Сейілбек Махметовтің өне бойынан көруге болады. Ол ауылдың әлеуметтік саласын дамытуға баса назар аударып, шаруашылық аумағындағы мектептерге ерекше қамқорлық жасайды. “Мектептерге жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізу, оқушыларды тегін тамақпен қамту және оларды көлікпен білім ошағына жеткізу өз мойнымызда. Оқу жылының соңында үздіктерге ынталандыру сыйлықтарын береміз”, – дейді Сейілбек Махметов.
Төменгі Бұрлық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 2,8 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Агроқұрылымның күшімен балабақша қалпына келтірілген. Бүгінде онда серіктестік еңбеккерлерінің балалары тәрбиеленуде. Осы елді мекендегі Мәдениет үйі қалпына келтірілсе, Жақсы Жалғызтау ауылында қоғамдық монша іске қосылды. Жастардың көңілді демалысын ұйымдастыру мақсатында дәмханасы бар жазғы би алаңы жұмыс істейді. Оқушылар мен жастарға ауылдағы орта мектеп жанынан серіктестіктің күшімен жаңа стадион мен “Арлан” жабық мұз айдыны ашылған. Ауыл тұрғындары үшін субұрқақ, балалардың ойын және демалыс орындары қарастырылған Конституция алаңы пайдалануға берілді.
Ауыл тұрғындары “жол азабы” дегеннің не екенін білмейді. Көршілес ауылдарға апаратын жолдар тегістеліп, құм төселген, қыс айларында уақтылы тазартып отыру жайы да ойластырылған. Қат-қабат жұмыстармен жүрсе де, Сейілбек Ғазезұлы шаруашылық ардагерлерін назардан тыс қалдырған емес. “Серіктестік жылыжайларында өсірілген түрлі көкөністер жұмысшылардың тамағына пайдаланылып, артылғаны ауыл тұрғындары мен балабақшаға, мектепке арзандатылған бағамен беріледі”, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, серіктестік басшысы Сейілбек Махметов.
Сөзіне берік, ісіне мығым әрі тиянақты, бір басында ізгілік пен адамдықты, адалдық пен бекзаттықты жинаған осынау жанның туған жерге, халқына деген қалтқысыз қызметіне ауылдастары дән риза.
Бағлан ҚОЖАҚОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Айыртау ауданы.