Облыстық ауруханада бүгінгі таңда 270 медбике еңбек етеді. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың дертіне шипа тауып, аяғынан тік тұрып кетуіне көмек беріп жүрген медбикелер арасында биыл алғаш рет байқау ұйымдастырылды. Шараға медициналық мекемедегі әр бөлімнің үздік қызметкерлері қатысты. Байқауда бақ сынаған үміткерлер екі аталым бойынша сынға түсті.
– Медбикелердің кәсіби мерекесіне орай үстіміздегі жылдың маусым айында осындай іс-шара ұйымдастыруды қолға алдық. Ал Елбасы күні мерекесіне орай сайыстың қорытындысы шығарылды. Өз ісін жетік біліп, жұмысына жауапкершілікпен қарау, бұл – медбикелерге қойылатын басты талап, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног.
“Облыстық аурухананың ең үздік медбикесі” атағын нейрохирургия бөлімшесінен Гүлназ Ілиясова жеңіп алды. Аталмыш бөлімшеде он екі жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жеңімпазға Мысырға демалуға жолдама табыс етілді. Ал терапевтік бөлімшенің үздік медбикесі Балқия Бөкішоваға 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.