«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КӨКІРЕКТІҢ КӨЗӘЙНЕГІН СҮРТЕМІН…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі өңірімізге белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтар Зікіриннің Алматыдағы “Асыл кітап” баспасынан “Тіршілік тынысы” атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. Осыған дейін оқырманға “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері” атты кітаптарын ұсынған ақынның бұл – үшінші туындысы.

Жырсүйер қауымға жүрекке жылы тиетін сыршыл да сезімді өлеңдерімен танылған қаламгердің бұл кітабына жастық шақ, махаббат, сағыныш тақырыбындағы, естен кетпес өткен күндер естеліктері, табиғаттың тәңірлігін сездіретін жаңа өлеңдері еніп отыр. Кітап бес бөлімнен тұрады. Алғашқы “Жанарымдағы жарық дүние” бөліміне ақынның өмір сүріп отырған қоғамымыздағы кездесетін кейбір келеңсіз жағдайлар туралы толғаныстары енсе, екінші “Сен дегенде үзіледі жүрегім” тарауына ауыл, туған жер, Отан тақырыбындағы жырлары топтастырылған. “Бізден де өткен бұла күн” бөліміндегі өлеңдері адам өмірінің сәулелі кезеңі – жастық шаққа деген көңіл сағынышымен ерекшеленеді.

“Табиғат құндағында” тарауындағы жыл мезгілдері туралы тебіреністері оқыған адамның қоршаған ортаға, айналадағы құбылысқа деген махаббатын еселей түседі. Сондай-ақ, ақынның “Ата заң туралы”, “Ошақ туралы”, “Той толғауы” тақырыбындағы толғаулары мен “Уақтың ұлы Сары мен Сүйір батыр” балладасы да тілінің көркемдігімен, оқиғаның әсерлілігімен ерекшеленеді.

“Келсем де қанша жасырғым,

Барады-ау өтіп асыл күн.

Тырсылы сағат ғасырдың,

Тұрғанмен соғып кеудемде,

Тоздырған әбден масыл мұң,

Тозаң ойлардан шашылдым”, – деп жүрек түкпіріндегі ойын ақ өлеңге бүкпесіз ақтарған ақынның жаңа жырлары әдебиетсүйер жұртшылықтың көңіл төрінен орын алатынына сеніміміз зор.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp