Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жерлесіміз Асқар Чуланов 1945 жылы 3-дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталған. Майдан шебінен аман оралып, 1982 жылы өмірден озған батырдың туған-туыстары мен ұрпағы бұл марапат жайлы осыдан екі жыл бұрын ғана біліпті. Бұрнағы күні ардагерлер кеңесінің отырысы өтіп, Асқар Чулановқа тиесілі орден 72 жыл өткеннен кейін салтанатты түрде оның отбасына тапсырылды.
Асқар Чуланов көзі тірісінде майдан даласы жайындағы жайттарды көп айтпаған көрінеді. Сондықтан туғандары оның ерлігі жайлы да біле бермеген. “Соғыста қаза тапқан және еліне аман-есен оралып, бейбіт заманда да халқының игілігі үшін еңбек еткен соғыс ардагерлерін әрқашан жадымызда ұстаймыз. Асқар Дөненбайұлы сондай ардагерлер қатарында. Ол кісі кезінде өзіне тиесілі марапатын ала алмады. Алайда, заңға сәйкес жауынгердің марапаты оның туған-туыстарына, балаларына табыс етілді”, – дейді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметова. Жауынгердің ұрпағына табысталған орден кітапшасында оның он фашисті қолға түсіргені жайлы жазылған. Екеуін тұтқынға алса, сегізін жер жастандырыпты. Жерлесіміздің өзі де ауыр жарақат алып, елге оралады.
Орден кітапшасын Чулановтар отбасына Ресей елшілігінің өкілдері табыстады. Соғыста ерлік танытқан ардагерлердің саны жыл санап азайғанымен, бейбіт елдің ұландары олардың ерліктерін ешқашан естен шығармайды.
“Қызылжар-Ақпарат”.