«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақсылар “жақсымын” деп айта алмайды,

Жамандар “жақсымын” деп айқайлайды.

Жүрген соң ағаларды күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды.

Бақыт Мұстафин публицист, жазушы, қоғам қайраткері, көпшілікке сүйкімді, жан-жүрегі адал, тынымсыз еңбек еткен азамат еді.

Бақыт ағаны мен М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің журналистика бөліміне окытушы болып келгеннен бері жақынырақ тани түстім. Таныған сайын таңдана түскенім де рас. Өйткені, ағай мінезге өте бай, қарапайым, өте кішіпейіл болатын. Кез келген уақытта өз жағдайымен санаспастан көмекке келетін қайырымды жан ретінде таныдым. Тұла бойынан жоғары мәдениеттіліктің, биік адамгершіліктің белгісі үнемі сезіліп тұратын. Екі сөйлеп, жалпақтау ол кісінің табиғатына жат еді. Сирек кездесетін зиялылардың қатарында болды десек, қателеспейміз.

Біздер үшін, қазақ филологиясы қафедрасының оқытушылары мен студенттері үшін Бақыт ағаның орны бөлек еді. Осы күндері мағынасы терең, мәні қымбат ақыл-кеңестері мен әңгімелерін сағынып жүрген жайымыз бар. Қызмет бабымен күнде араласып жүрген Бақыт ағаның оқу ісіне деген үлкен жауапкершілігі, іскерлігі мен тиянақтылығы бәрімізге үлгі болатын. Студенттерге де ол кісінің жан-жақты білімі, ойының ұшқырлығы, қаламының жүйріктігі үлгі-өнеге болды және де олар тәжірибелі ұстаздан білім алғандарын мақтан етеді.

Бақыт Мұстафиннің жеке басының асыл қасиеттері оның талантты публицист, шешен тілді жазушы болып қалыптасуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ.

Ол – мерзімді баспасөзде қалам қарымын көрсетіп, публицистика жанрларын түрлендіріп, оның көркемдік деңгейін көтере түскен қаламгер. Облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің үздіксіз жарыққа шығып отыруына, тоқырау жылдары тоқтап қалмауына бар күш-жігерін жұмсаған. Ұзақ жылдар бойы облыстық газеттің бас редакторы болып қызмет істегені де көпшілікке аян.

Сондықтан баспасөз тарихында айшықты қолтаңбасын қалдырған қаламгердің еңбектері – бүгінгі жас журналистер үшін сабақ аларлық шеберлік мектебі. Бақыт аға өмір бойы халыққа қызмет етті. Себебі, Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтар болсақ: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл кандай керек болса, халыққа газет сондай керек”. Олай болса, Бақыт Мұстафин де жұртқа қалтқысыз еңбек етті, газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап қызмет қылды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Мұстафиннің “Адам көркі еңбек”, “Досыңды шақыр”, “Тәтті сәбіз”, “Жайнаған жер”, “Диқан жолы” сияқты еңбектері жарыққа шығып, оқырмандарының ыстық ілтипатына ие болды. Ол – бүгінгі күннің өзінде балаларға арналған көркем әңгімелердің аз екендігін байқап, өзекті тақырыпқа қалам сілтеген өзіндік сөз өрнегі бар әдебиетші. Бақыт ағамыз бұған қоса, очерк, эсселер мен естеліктер жазудың да ерекше шебері еді. Бұл бағыттағы “Таза көңіл” атты тағылымды кітабы өмірінің соңғы жылдары жарық көріп, оқырмандарының қолына тиген болатын. Өңіріміздің адал да еңбекқор азаматтары жайлы сыр шерткен көлемді туындылар жазуы Бақыт ағаның таза көңілін бір танытса, екіншіден, халық құрметтеген жандарды оның да қадірлейтіндігін, сонымен қатар, сол ардақты азаматтарды жастарға үлгі етіп ұсынудағы ақ ниетін байқатады.

Бақыт Мұстафиннің – журналистік қызметін, публицистикалық шығармашылығын зерттеу, ғылыми тұрғыда сараптап, талдау келешек ұрпақтың міндеті.

Зымырап күндер, жылжып жылдар өтер. Бірақ қанша уақыт өтсе де, Бақыт ағайдың жарқын бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталады. Сол үшін де, біз, институт оқытушылары мен студенттер ұжымы, Бақыт аға рухына бас иіп, тағзым етеміз!

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

 

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp