Тұңғыш Президент күні қарсаңында Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары қос қуаныштың куәсі болды. Жерлесіміз Есембек Құдайбергенов “Шаңырақ” атты дүкен ашса, Нұршат Нұрбақыт лағман асханасын іске қосты.
Ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған жаңа сауда орны көптің көңілінен шықты. Мұндағы дүкен сөрелерінен ауданымыздағы он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан тамаша бұйымдарды көруге және қалағаныңды сатып алуға болады. Облысымызда және ауданымызда, тіптен, республика көлемінде бірнеше рет өзінің шығармашылық көрмесін ұйымдастырған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айдарбек Қалдыровты көпшілік жақсы таниды. Оның қылқаламынан шыққан суреттері мен ағаштан істелген ұлттық нақыштағы бұйымдары да жаңа дүкеннің ажарын ашып тұр.
“Шаңырақтың” шырайын келтіріп тұрған заттар арасында Н.Ковалев, Д.Нападов, А.Бабий, А.Базылева, К.Құлмұхамбетова сияқты қолөнершілердің тамаша дүниелері де бар. Бір айта кетерлік жайт, енді тұтынушы іздеген нәрсесін сөреден таба алмаса, алысқа бармай-ақ, жергілікті шеберлерге тапсырыс беру мүмкіндігі бар.
Оңтүстіктен көшіп келген Нұршат Нұрбақыттың дәстүрлі өзбек, ұйғыр, тағамдарынан басқа қытай, кәріс және шығыс дәмдерін ұсынатын асханасы да тұрғындардың көңілінен шықты.
Оңай МЕКЕБАЙ.
СУРЕТТЕ: кәсіпкер Есембек Құдайбергенов.
Мағжан Жұмабаев ауданы.