Қызылжар өңірінде Мырзекеңді білмейтіндер кемде-кем шығар. Мырзекең деп айтып отырғанымыз – Мырзахан Едіресов ағамыз. Ол – мұндай құрметке әбден лайық. Бүгінде жетпістің қырқасына көтеріліп, еліне елеулі, халқына қалаулы атанған асыл жан жайлы көп айтуға болады. Біз туған жеріне сіңірген сан қырлы істерінің кей тұстарына ғана тоқталып өткенді жөн көрдік.
Тарих қатпарына үңіліп, өткен күндерді еске алсақ, Мырзекеңнің де кең пішілген азаматтық тұлғасы, ұлттық дәстүрлер мен ата-баба тағылымдарын тұла бойға сіңірген болмыс-бітімі көз алдымызға келе қалады. Оның кіндігі табиғаты әсем, халқы еңбекқор, ынтымағы жарасқан, түтіні түзу ұшқан Баян ауылында кесілген. Дүниеге шыр етіп келген күннен бастап осы жерде өзі теңдес құрдастарымен, теңдестерімен құлын-тайдай тебісіп өскен кездерін, бал дәурен балалық, бозбала шақтарын әр кез тебіреніспен еске алып, перзенттік қимас сезім құшағында жүреді.
Бүгінгі жас ұрпаққа өткеннің құндылықтарын әңгімелеуден әсте жалыққан емес. Бір ғана Баян ауылында қаншама тарихи сырлар тұнып жатыр десеңші?! Құйма құлақ қариялардан естіп-білгендерін көкірекке түйіп, зердеге тоқып өскен ол “Туған жер” бағдарламасы бойынша қолға алынған шаралардың жергілікті жерлерде де кең өріс тапқанына қуанады. Өскелең ұрпақ жаһандану дәуірінің толқынына жұтылып кетпей, ұлттық дәстүрлерімізді терең игерсе деген аталық тілегінің орындалғанына шүкіршілік етеді. Ұл-қыздарын, немерелерін ата-баба жолынан ауытқымай, уызынан қанып ішуіне дұрыс бағыт-бағдар бере білді. Мырзекең тәрбие алған орта да, уақыт та өзгеше болатын. Шаңырақтағы жеті баланың тұңғышы болғандықтан, жауапкершілікті ерте сезініп өсті. Әкесі жарықтық бар-жоғы 49 жасында жалған дүниемен мәңгілікке қоштасып, іні-қарындастарын жетілдіру өз мойнына артылған басты парыз екенін ұқты. Білімге деген ерекше құштарлығы арқасында Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын алып шықты. Одан кейінгі саналы ғұмыры ауылдың қыж-қыж қайнап жатқан қат-қабат тірлігімен тығыз сабақтастықта өрбіді.
Дипломды жас маман еңбек жолын ХХІІІ партсъезд атындағы кеңшарда механик-бақылаушы болып бастап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері, басқарма басшысының орынбасары секілді өсу баспалдақтарынан өтіп, кәсіби жағынан әбден ысылған кезде “Жамбыл” кеңшарын басқаруға жіберілді.
– Ол кездері кадрларды тәрбиелеу мәселесіне үлкен көңіл бөлінетін. Өндірдей мамандарды алдымен қиын учаскелерде маңдай терін төккізіп, шар болаттай қайрап алатын. Теориялық ілім-білім өз алдына, өндіріс ошақтарында алған іс-тәжірибе ұйымдастырушылық қарым-қабілетті толыстырады. Мұндайда проблемалар мен мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу қиынға соқпайды. Аупартком, ауатком басшысы болу үшін партком хатшысы, кеңшар директоры сияқты сатылардан өту міндет саналатын. Мықты кадрлар шоғырын топтастыруда осындай жақсы үлгілерге сүйенген еш артықтық етпейді. Қазіргі кей лауазымды тұлғалардың өндірісті жете білмейтіні, жақсы бастамаларды іліп әкете алмайтыны қарын аштырады. Оның бір ұшығы шаруашылық басқарудағы тәжірибенің аздығы мен қағазбастылыққа келіп тіреледі, – дейді Мырзекең аға ұрпаққа тән қамқор үнмен.
Ағамыздың талапшыл, ұйымдастырушылық, басқарушылық қасиеттері мен қарым-қабілеті “Жамбыл” кеңшарына жетекшілік еткен кезеңде жан-жақты танылды. Тың игеру жылдары құрылған кеңшар егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысты. Екі жарым мың ірі қара мал өсірілсе, оның бестен бірі сауын сиырлар болды. Кеңшардың ірі бөлімшесі Амангелдіде 20 мыңға тарта ақтылы қой өсірілді. Осы жылдары елді мекен жолдары асфальтталып, әлеуметтік, мәдени орындар бой көтерді. Жеке адамдар бау-бақша баптауды кәсіпке айналдырып, бал араларын ұстады. Инкубатор тауықтары мен үйректері өсірілді. Тері илейтін және тон тігетін цехты облыста бірінші болып ашты. Ол үшін Мәскеу түбіндегі Подольскіден арнайы құрал-жабдықтар алдыртылды. Ендігі бір цехта өсімдік майы шығарылды. Осындай шынайы қамқорлықтар қазір өрістетілсе, жұмыссыздық азайып, ауыл адамдарының тұрмыс сапасы көтерілер еді деген көңіл қыжылы бір бүйірінде бүгіп жатқанымен, қайтып оралмас, орындалмас арман сияқты елестейтіні бар. Бірақ алғы күнге деген берік сенімін жоғалтқан емес.
Ол аудандық электр желілері жүйесіне, “Есіл су” республикалық мемлекеттік мекемесінің Соколовка су құбырлары басқармасына жетекшілік еткен тұстарда да ұйымдастырушылық қабілеті зор, өмірлік және кәсіби тәжірибесі бай жігерлі басшы ретінде есте қалды. Қарауындағы қызметкерлерге жан-жақты жағдай жасап, еселі еңбек етуге жұмылдыра білді. Сабырлы да салмақты мінезі, ана тіліне қамшы салдырмайтын жетіктігі – көпшілікке үлгі-өнеге.
Мырзекеңнің елге, туған жерге сіңірген көп жылғы еңбегінің жемісі ретінде кеудесінде “Еңбек ардагері” медалі жарқырайды. Әр кездері алған марапаттары өз алдына бір төбе болғанымен, осы награда айрықша ыстық, орны бөлек. Өйткені, “Еңбек – бәрін де жеңбек” деген қағида оның басты өмірлік ұстанымы саналады. Жан жары Қуандық Сапарғалиқызы екеуі ұл-қыздарын жастайынан қоғамдық еңбектің қадір-қасиетін түсінуге тәрбиелеп, өмірден өз орындарын тапты. Үлкен қыздары Гүлзия мектепті алтын медальмен бітіріп, бүгінгі күні облыстық соттың беделді судьясы ретінде жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Ләззат та апасының жолын қуған. Жамбыл – жетекші инженер. Күйеу балалары да ізетті, мәдениетті. Немерелері де ата салған дәстүрге адал.
Біраз уақыт “Ауыл” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының үйлестірушісі болған Мырзахан Ғосманұлы әлі қатардан қалған жоқ. Ол өзін елінің қарт сарбазы, патриоты санайды. Азамат асқан асулар оның ғұмырының текке өтпегенін, артына өшпес із қалдырғанын айғақтайды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
журналист.
Петропавл қаласы.