Биылғы көктемдегі су тасқыны жерлестерімізді біраз әбігерге салды. 18 сәуір күні Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасы 163,4 пайызға (1132,3 миллион текше метр) толып, оның тарихында алғаш рет ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл нормадағыдан 1,5 есе көп болатын. Осының салдарынан жан-жаққа лап қойған тасқын 15 елді мекендегі 380 тұрғын үйге кіріп, оның онын қиратты. Сондай-ақ, 5 мыңға жуық саяжай учаскесін де су басты.
Су тасқынының алғашқы күнінен бастап барлық жағдай облыс басшылығының бақылауында болды. Табиғи апатқа тап болған тұрғындарға жергілікті билік қолдан келгенше қолғабыс жасады. Біріне үй сатып әперілсе, екіншісіне ақшалай көмек көрсетілді. Қысылтаяң сәтте жұртшылық та “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” келтірілген зардапты жоюда белсенділік танытты.
“Сақтықта қорлық жоқ” демекші, ықтимал су тасқынына дайындық жұмыстары көп ұзамай басталып кетті. Үкімет бұл мақсатқа өңірімізге өз резервінен 3,1 миллиард теңге қаржы бөліп, оның 2,6 миллиард теңгесі Былғары зауыты кентіндегі бөгетті нығайтуға бағытталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы шағынауданда болып, қаражаттың қалай игерілгенін көрді. Биылғы көктемде бұл шағынаудан маңында Есіл суы көтерілген болатын.
– Біз үшін бұл жоба өте маңызды болды. Өйткені, осы елді мекеннің тұрғындары өзгелерге қарағанда көп зардап шекті. Өткен жылы тұрғызылған бөгет үйлердің бір бөлігін ғана қорғап қалды. Сондықтан оны нығайтып, жаңасын салуға кірістік. Жаз бойы осында бірнеше рет келіп, тұрғындармен кездестік. Өткен жылдардағы мәліметтерге сүйене отырып, судың көтерілу биіктігі есептелінді. Енді тұрғындарға ешқандай қауіп төнбейді деген үміттемін, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жөндеу жұмыстары “Казпако” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылыпты. Бұрынғы бөгет бар болғаны 883,3 метр болса, жаңасының жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асады. Ал биіктігі 3,5-5,5 метрді құрайды. Оны көтеруге 300-ге жуық жұмысшы мен 179 әртүрлі техника жұмылдырылған. Мердігер компанияның бас директоры Дулат Көтербековтің айтуынша, жаңа құрылыс алдынғысынан әлдеқайда берік болмақ.
Бүгінде Былғары зауыты кентіндегі 470 тұрғын үйде 3700-ге жуық адам тұрады. Кездесуге келген тұрғындар осындай бөгет салып берген өңір басшысына ризашылықтарын білдірді. “Біз су басқан аулаларды тағы бір аралап шығамыз. Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға да барамыз. Қолдан келгенше көмек көрсетеміз”, – деді Құмар Іргебайұлы. Сондай-ақ, тұрғындар асфальт төсеп, жүргіншілер жолын жөндеп беруді өтінді. Өз кезегінде өңір басшысы бұл ұсыныстарды бақылауға алатынын, абаттандыру жұмыстары келесі жылы орындалатынын айтты.
Жалпы, облыстық әкімдік мүдделі органдар әрі кәсіпорындармен бірлесе 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша іс-шаралар кешенінің жол картасы жобасын әзірлеген. Оған су басуы мүмкін деген 57 елді мекен енгізілген. Алдағы үш жылда бұл жоба аясында бөгеттерді, құбырларды және жолдарды салуға 7 миллиард теңге бөлінбек.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.