Ата-бабаларымыздың асқақ арман-мұратын, қуанышы мен күйінішін арқалап, замана көшімен бүгінге жеткен дәстүрлі ән өнері – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, ұлттық рухымыздың жаршысы. Рухани жәдігерлердің ішінде қазақ жұртының намысы мен рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейірімін, ізденісі мен махаббатын, іңкәр ықыласын бүгінгі ұрпақтың еншісіне жеткізіп отырған да осы ән өнері.
Ер етігімен су кешкен, ат ауыздықпен су ішкен аласапыран замандарда да халқымыз ән тыңдаудан кенде қалмаған ғой. Әннің мазмұнын, ішкі иірімін жан дүниесімен түсініп, қабылдайтын тыңдарманы бар кезеңдерде дәстүрлі ән де сапалық жағынан толысып, дамып, жаңа белеске көтеріліп отырған. “Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын”, – деген әйгілі әнші Біржан сал Қожағұлұлы осынау рухани байлықтың келешегі үшін алаңдады емес пе? Алайда, сан ғасырлық тарихы бар ән өнері сұрапыл ғасырлар ағымының небір қатал сындарынан өтсе де, ұмыт болмады. Оның бірден-бір себебі, кезінде күллі жұртты таңғалдырып, әсем дауысымен қазақ сахарасын әнмен тербеткен Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты ұлы тұлғалардан қалған мұраны насихаттап, келешекке жеткізуді мақсат етіп жүрген жас әншілер қатарының қалыңдауында болып отыр.
Бұрнағы күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс, бірнеше республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаты, облыстық филармонияның әншісі Біржан Есжановтың “Ән – аманат” атты концертін тамашалағаннан кейін осындай ойға келдік. Бұл – дәстүрлі әншінің қалың көпшілікке ұсынып отырған екінші шығармашылық кеші. Астанадағы Ұлттық өнер университетін бітіріп, Алла берген талантын туған өлке өнерінің өрістеуіне арнауды мақсат еткен әнші осыдан үш жыл бұрын алғашқы жеке шығармашылық концертін өткізген еді. Араға бірер жыл салып, өнерсүйер жұртшылық назарына ұсынылып отырған осынау мерейлі шараның ұйымдастырылуы, режиссурасы да өте жоғары деңгейде болды. Концерттің “Ән – аманат” аталуының өзі сахараны сахна етіп, аспанда қалықтаған аққуға үнін қосқан бабалар аманатына деген адалдықтың көрінісін аңғартса, ал ұйымдастырылуы бұрыннан келе жатқан қатып қалған қасаң қағидаларды бұзып, жаңа форматта өткізілуімен ерекшеленді.
Осы ретте әнші мен тыңдарманның, ән мен әншінің арасына дәнекер бола білген кештің жүргізушілері Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актерлері – Нұрбол мен Гүлдана Асқаровалардың да тың ізденісін айта кеткен жөн. Сахнада Біржан шырқаған халық композиторларының “Аққан жұлдыз”, “Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы” әндерін көпшілік жылы қабылдады. Балуан Шолақтың “Ғалия” әнін орындаған сәтте әннің әр шумағы, қайырмасы сайын соғылған шапалақ жұртшылықтың ыстық ықыласын көрсеткендей. Кезінде бұл әннің шығу тарихы туралы баллада жазған ақын Серік Тұрғынбекұлының:
Аптығып, айтқан әнін үдеткені,
Оты ғой сағыныштың жүректегі.
Есілдің толқынына тоғысқандай,
Ел-жұрттың көз жасы мен тілектері, –
деген бір шумағы ойға оралды.
Шығармашылық кештің иесі Біржанның тағы бір ерекшелігі концерт барысында қасиетті Қызылжар өңірінен шығып, күллі қазақтың жоқшысына айналған ұлы тұлғаларды еске алып, оларға ән арнауында болды. Есенғұл Жақыпбек пен Жәкен Омаров жазған “Біздің елдің жігіттері” әні шырқалғанда сахнадағы үлкен экраннан әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуында соқпақтары сайрап жатқан Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шәймерденов, Жұмабек Тәшенев, Бәйкен Әшімов, Кәкімбек Салықов, Бақыт Мұстафин, Ерік Асқаров сияқты қайраткерлердің суреттері көрсетілді.
“Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені, олар – ақиқат пен шындық сөздің жебесі”.
Әуені мен сөзі үйлесім тапқан әнді Біржан өте шебер орындады.
Біржан Есжанов – әртүрлі республикалық сахналарда ғана емес, әлемдік, атап айтқанда, Германия, Біріккен Араб Әмірліктерінде өнер көрсеткен. Осындай шараларға қазылық еткен өнер майталмандарының ақ баталарын алды. Мәселен, театр сыншысы Әшірбек Сығайдың, композитор Секен Тұрысбековтің, жезтаңдай әншілер Қарақат Әбілдинаның, Қапаш Құлышеваның, жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменовтің айтқан жүрекжарды лебіздері оның өнер әлемінде қияға қанат сермеуіне жол ашты. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, күміскөмей әнші, Біржанның ұстазы Қайрат Байбосынов шәкіртінің жеткен жетістіктерін саралай келе: “Менің дәрісімді тыңдап, бүгінде әнге адалдық танытып келе жатқан шәкірттерім аз емес. Соның ішінде Біржан Есжановтың есімін ерекше атаймын. Ол Біржан бабасының атқарып кеткен ерен істерін жалғастырып жүр. Біржан әнді еркін шырқайды, шығарманың ұлттық бояуын қоңыр дауысымен әрлей біледі”, – деген болатын.
Кеш барысында Біржанның шашбауын көтеріп келген өнердегі үзеңгілестері, астаналық әнші Айзат Қарабекова, шымкенттік өнерпаз Еділ Жораев әуелеткен әндер тыңдарман жүрегіне жол тартты.
Жеті санын киелі тұтқан халқымыз қашанда жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, ырыс, несібеге балаған ғой. “Аңшының әні” айтылып, сахнаға жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік шығарылғанда жұртшылық ерекше ілтипат көрсетті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.