Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, облыстық жастар ресурстары орталығы бірлесіп “Менің Қазақстаным, менің сүйікті өлкем” зияткерлік ойынын өткізді.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық, гуманитарлық-техникалық, медициналық, СҚУ колледждерінің студенттерінен және Петропавл қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің курсанттарынан құралған командалар қатысты. Бұл зияткерлік ойын үш кезеңнен тұрды. Арасында видео-сауалдар мен “қара жәшік” те болды. Қатысушылар жауаптарын шағын қағаздарға жазып берді. Ал олардың дұрыстығын анықтау төрешілер еншісінде болды.
– Сұрақтар кез келген саланы қамтыды. Осы арқылы қатысушылардың білімінің жан-жақтылығын, логикалық ойлау қабілеттерін тексеруге тырыстық. Бес құраманың әрқайсысында бес қатысушыдан болды. Игі бастаманы дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық жастар ресурстары орталығының бас маманы Лилия Гизатуллина.
Ойын қорытындысына сәйкес қойылған сұрақтарға барынша дұрыс жауап берген Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы колледж құрамасы бас жүлдені иеленді. Екінші орынды медициналық колледж бен гуманитарлық-техникалық колледж эрудиттері қанжығаларына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және тәтті сыйлықтар табысталды.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.