Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатының, мемлекеттің және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің, байланысты гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген қарыздардың, соның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген қызмет бюджетінің орындалуы мен басқарылуын талдау және бағалауды жүргізеді.
Сонымен қатар департамент камералды бақылауды жүзеге асырады. Оның мақсаты қаржы тәртібін бұзуға жол бермеу және оларды болдырмау, мемлекеттік аудит нысанына камералдық бақылау нәтижесінде анықталған кемшіліктерді өз бетімен жою құқығын беру және мемлекеттік аудит нысандарына әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
Биыл он ай ішінде департамент 201 мемлекеттік аудит нысанын қамтыған 294 аудиторлық тексеріс жүргізді, ол жалпы сомасы 58 млрд. 754 млн. теңге бюджет қаражатын қамтыды. Нәтижесінде 28 млрд. 230 млн. теңге көлеміндегі қаржыны пайдалану тәртібі бұзылғанын анықтады.
Қаржыны пайдалану тәртібін бұзу классификаторға сәйкес қаржылық және процедуралық болып екіге бөлінеді. Қаржылық бұзушылықтар – өтеуге және қайтаруға жататын бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға әкелген кемшіліктер. Ал процедуралық сипаттағысы – бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға әкелмеген бұзушылықтар. Аудит анықтағандай, қаржылық бұзушылықтар 1 млрд. 70 млн. теңгені құрады. Қолданылған шаралар нәтижесінде кемшіліктер жойылды, яғни өтеуге жататын 153,1 млн. теңге және қайтарылуы тиіс 916,8 млн. теңгенің орны толтырылды. Процедуралық сипатты бұзушылықтар көлемі 27 млрд. 160 млн. теңгені құрады. Аудиторлық шаралар қорытындысы бойынша, 256 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бергі он ай ішінде камералды бақылауға 182 млрд. 931,9 млн. теңге сомасындағы 21047 процедура алынды. Сомасы 35,8 млрд. теңге болатын 1363 процедура бойынша кемшіліктер анықталып, олар уақтылы жойылды.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру бойынша 2015-2017 жылдарға іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында және көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет пен “Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы” Заңына сәйкес қазынашылық органдар жүргізетін (комплеанс-тәуекелдер, комплеанс-бақылау) бюджеттік төлемдерді бақылауды өткізу бойынша өзара әрекеттесу ережелері жасалды және бекітілді. Бұл ережелер Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит және Қазынашылық комитеттерінің тәуекелдер профилдері мен әсер ету шараларына жататын тіркелген азаматтық құқықтық мәмілелерді және өткізілген төлемдерді іріктеу арқылы Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын бұзу белгілерін анықтау бойынша өзара әрекеттесуді көздейді.
Осылайша, Қазынашылық комитеті тіркелген азаматтық құқықтық мәмілелер бойынша 135 келісімшартты комплеанс бақылауға алды, оларды департамент толық көлемде талдады және зерттеді, нәтижесінде екі келісімшарт бойынша заң бұзушылық расталды. Департамент анықталған кемшіліктер бойынша аудит нысандарына енді мұндай заң бұзушылықтарды болдырмау жөнінде ұсынымдар берді.
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасында қарастырылған құзырет шегінде департамент әкімшілік іс қозғайды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте қарастырылған құқық бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 21 873,2 мың теңге айыппұл салу жөніндегі жазаға тарту туралы 141 қаулы шығарылды. Қазірге дейін бұл соманың 15 066,8 мың теңгесі немесе 69 пайызы бюджетке түсті, соның ішінде:
– департаменттің аудиторлық шараларының нәтижелері бойынша сомасы 12 581,6 мың теңге болатын 85 (60 пайыз) қаулы шығарылды, 11 340,5 млн. теңге өндіріліп алынды;
– прокуратураның ұсынымы бойынша сомасы 1 588,3 мың теңге болатын 21 (15 пайыз) қаулы шығарылды, толық көлемде өндірілді;
– ішкі аудит қызметі, ревизиялық комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті берген материалдар бойынша сомасы 2 745,5 мың теңгенің 18 (13 пайыз) қаулысы шығарылды және 1 230,4 мың теңгесі өндіріліп алынды;
– қоғамдық қызығушылық ұйымдарының материалдары бойынша сомасы 4 957,8 мың теңгенің 17 (12 пайыз) қаулысы шығарылды, оның 907,6 мың теңгесі өндірілді.
Өндіріліп алынбаған айыппұлдар бойынша ерікті төлеу мерзімі әлі өткен жоқ, ал мерзімі өткен айыппұлдар бойынша материалдар мәжбүрлеп қайтаруға жіберілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес департамент аудит материалдарын процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберді. 2017 жылдың басынан бастап құқық қорғау органдарына (Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке) сомасы 432,9 млн. теңге болатын 37 материал жіберілді.
Айгүл ШИРАЖИЕВА,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы.