«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтіп, еліміз бойынша ондаған жаңа нысан пайдалануға берілді. Президент сүт өнімдерін шығаратын танымал “Маслодел” серіктестігінің Петропавл қаласындағы заманауи құралдармен жабдықталған зауытын іске қосты.

“Маслодел” ЖШС-нің елімізде төрт зауыты бар, қуаттылығы жағынан “Фудмастер” компаниясынан кейінгі екінші орынға ие. Алматы қаласындағы қос өндіріс орнында негізінен қойылтылған сүт, майонез, кетчуп, өсімдік майы сияқты өнімдер шығарылады. Солтүстік Қазақстан облысының Новоишимка ауылындағы кәсіпорында рапс, күнбағыс сияқты майлы дақылдар өңделеді. Ал Петропавлдағы зауыт сүт және айран шығаруға маманданған, енді швециялық жаңа қондырғылардың көмегімен өнімдердің санын ғана емес, сапасын жақсартып, сақтау мерзімін ұзарту мүмкіндігіне ие болды. Инновациялық жоба жайлы жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа кәсіпорынның бас директоры Павел Селиванов айтып берді. “Мемлекеттің қолдауының арқасында жаңартылған отандық сүт зауытын іске қосқалы отырмыз. Заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде түрлі шығындар азайып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артты. Біз Еуразиялық экономикалық одақ нарығында өз орнымызды табу үшін күресетін боламыз”, – деді ол.

Өндіріс орнының жұмысына сәттілік тілеп, өндірісті бастауға рұқсат берген Нұрсұлтан Әбішұлы экспортқа шикізат шығарудан бас тартып, өңделген өнім өндірісін қолға алған әлдеқайда пайдалы екеніне тоқталды.

– Аграрлық сала Қазақстанның өркендеу, өсу жолындағы экономикасының негiзіне айналып келедi. Себебi, Жер бетінде таңертең, түсте, кешке тамақ iшпейтiн адам жоқ. Халық саны көбеюде. Жылдан-жылға сұраныс та артып келе жатыр. Сондықтан бiз азық-түлік өндірісін дұрыс жолға қоймай әлемдік нарыққа шыға алмаймыз, – деп атап өтті Елбасы.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында биыл бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Соның бірі – “Маслодел” сүт зауыты болса, екіншісі – тез дайындалатын кеспе шығаратын кәсіпорын. Өңірдегі жаңа жобалар жайлы облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді.

– “Маслодел” сүт зауыты тәулігіне 320 тонна сүт өнімін шығаратындай қуаттылыққа ие. Жалпы, облыс бойынша өткен жылы 525 мың тонна сүт өндірілген, биыл бұл көрсеткіш 550 мың шамасында болады деп күтілуде. Өнімнің 49 пайызы қайта өңдеуден өткізіліп, түрлі тағамдар шығарылды. Бұл зауыттың іске қосылуы нәтижесінде қайта өңделетін сүттің көлемін 64 пайызға жеткізу көзделіп отыр, – деді өңір басшысы. Еліміз бойынша былтыр 1 миллион тонна сүт қайта өңделсе, соның 25 пайызы Солтүстік Қазақстан облысындағы зауыттарға тиесілі.

Облыс әкімінің айтуынша, кәсіпорындар шикізаттан тарлық көрмеуі үшін заманауи тауарлы-сүт фермалар санын көбейту көзделуде. Қазіргі таңда өңірдегі 72 ферманың 17-сі соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған, жыл соңына дейін тағы екеуі ашылмақ. Келер жылдың жоспарында 7 ферма құру көзделген.

“Маслодел” ЖШС-нің қайта жаңғырту жұмыстарына 3 миллиард теңгедей қаржы жұмсалған. Соманың 15 пайызы серіктестіктің өз қаржысы болса, қалғаны – мемлекеттің қолдауымен берілген арзандатылған несие. Соңғы үлгідегі жабдықтар Швецияның “Тетра Пак” фирмасына тиесілі. Кәсіпорынның технологі Евгений Шелегтің айтуынша, бұрын шығарылған сүт пен айран сегіз тәулікке ғана жарамды болатын. Енді арнайы технология мен термо-қаптаманың арқасында сүтті жарты жыл, ал айранды 4 айға дейін сақтауға мүмкіндік туып отыр. Зауыттың іске қосылуымен 120 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар қабылданыпты.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp