«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЧЕМПИОНДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтында кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан сайыс өтті.

Жарысты оның бас төрешісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, запастағы подполковник Арман Ахашев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң облыстық күрес федерациясының президенті Бауыржан Құлжанов және институттың ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Сәбит Ахметов Азаматтың спорттағы жетістіктері өзгелерге өнеге екенін айтты. Ал оның әкесі Ерік Нұрпейісов өмірден ерте кеткен ұлын еске алып, осындай сайыс ұйымдастырып отырған институт басшылығына алғысын жеткізді.

Олимпиадалық жүйе бойынша өткен турнирге 70 курсант қатысып, 8 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Тартысты өткен бәсекенің нәтижесінде Ержан Әбікеев, Жақсыкелді Сарбас, Бауыржан Айбатов, Аманкелсін Егізбай, Максим Плетнев, Бақытжан Ақмадов және Абылайхан Өмірзақ өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.

Азамат Нұрпейісов кезінде 80 килограмға дейінгі салмақта өнер көрсеткен болатын. Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы “Бүркіт” бөлімшесі осы салмақта сынға түсіп, қарсыластарын қапы қалдырған Жайық Төлеухановқа арнайы сыйлық тағайындады. Спортшыға оны Азаматтың бұрынғы жаттықтырушысы, бүгінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин табыстады.

Сонымен қатар курсанттар “Жеңіске деген ұмтылысы үшін”, “Жарқын жеңіс” аталымдары бойынша да марапатталды. Ал жалпыкомандалық есепте үшінші оқу ротасы көш бастап, кубокты иеленді.

Руслан ҚАЙЫРКЕНОВ,

Ұлттық ұлан әскери институтының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp