С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Дәстүрлі ән – халық мұрасы” атты семинар өтті. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға аудандардан мәдениет саласының қызметкерлері мен дәстүрлі әншілер қатысты.
“Рухани қазына” ұлттық мәдени құндылықтарды, сондай-ақ, халық шығармашылығын дамытуды, ұжымдар мен жеке орындаушылар арасында шығармашылық байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шарада дәстүрлі әншілер шеберліктерімен бөлісті. Аталмыш орталықтың бөлім басшысы Таңат Бейсенбаев өскелең ұрпақты тәрбиелеуде халық әндерінің алар орны ерекше екенін жеткізді.
– Облыс көлемінде дәстүрлі әндерді орындауға қазір ерекше басымдық берілуде. Бүгінде Жанат Айтбаев сынды ұстаздардың арқасында жастардың дәстүрлі әнге деген көзқарасы өзгеріп, құлшынысы оянды. Бастысы халық әндері мен композиторларының шығармаларын орындау оң жолға қойылғаны көңіл қуантады. Облысымыздың атынан жас дарындар республика көлемінде өткізілетін шараларға қатысып, жақсы жетістіктерге жетуде. Дәстүрлі әндерді орындайтын жас дарындардың болашағынан үлкен үміт күтуге болады, – дей келе Таңат Ошыбайұлы дәстүрлі әнді дамыту үшін атқарылар шаруаның аз еместігін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде қалалық мектептерде дәстүрлі ән сыныптары ашылуда. Шәкірт тәрбиелеу арқылы өңірде ән мектебін қалыптастыруға болады.
Отырыста Петропавл қаласы өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Жанат Айтбаев халық әндерін оқыту әдістемесіне тоқталды. “Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, аудан, ауылдарда көрінбей жүрген жас дарындарды өнерге тартып, оларды елге таныстыруға аянбай күш салу керегін сөз еткен Жанат Хамитұлы әнді дамыту халықтың өзіне байланысты екенін айтты. Шалғай ауылдарда арнайы мамандардың жоғы және бұл саланың басқа да өзекті мәселелеріне қозғау салған ол дәстүрлі әнге деген құрмет ерекше болуы тиіс деді. Оның айтуынша, ән мен күй халықты тәрбиелейді. Сондықтан балалардың бойына ұлттық рухты сіңіру үшін білім ошақтарында ән, домбыра сыныптары ашылуы керек. Мәдениет саласында мамандар даярлауға да баса мән берген жөн. Отырыс барысында келесі жылы Бескөлде ән мектебі ашылатыны айтылды.
Шара соңында қатысушылар дәстүрлі әнге байланысты өз ойларымен бөлісіп, мұндай отырыстардың маңыздылығына тоқталды. Ал Еркебұлан Қарыпов сияқты дәстүрлі әншілер қазақтың халық әндерін құйқылжыта орындап, жиналғандарды ұлттық өнердің қайнар бұлағынан сусындатты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.