«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ ИЕСІ — ДАРЫНДЫ ШӘКІРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда “Білекті бірді, білімді мыңды жығады” деген аталы сөз бар. Жастар – еліміздің келешегі, ал білімді жастар – мемлекетіміздің жарқын болашағы деп Елбасымыздың өзі айтқандай, қазір білім мен ғылымның, технологияның дамыған заманы. Бүгінгі қоғамда білімнің салтанат құруы – уақыт талабы. Сондықтан білімге ұмтылған жастардың қиялын ұштап, қабілетін шыңдауда Назарбаев Зияткерлік мектебінің алатын орны ерекше.

Қазақстанның зияткерлерін тәрбиелеудің іргетасы болып табылатын жаңа міндеттер, ұлттық интеллектінің ядросын құруды айтқан Елбасымыз оқушылардың бойында зияткерлік қабілетті қалыптастыруға ерекше мән берді. Химия-биология бағыты бойынша оқушыларды білім нәрімен сусындатуда біздің мектептің жемісті еңбегі осынау ойдың айқын дәлелі десек, қателеспейміз. Білім ордасы биыл үшінші оқу жылын өткізуде. Жұмыс істеген екі жылдың ішінде білім беру сапасын жақсартып, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Бізде 608 оқушы мен 134 ұстаз бар. Қазір халықаралық деңгейде білім беретін оқу ордасы деген мәртебені алуға барынша күш жұмсаудамыз. Бұл арманымыздың орындалатынына ұжымның сенімі зор. Заман талабын ескере отырып, нарыққа қажетті, бәсекеге төтеп бере алатын, білікті мамандарды даярлау үшін өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беру – Назарбаев Зияткерлік мектебінің басты мақсаты болып табылады. Ұжымымыз жас ұрпаққа инновациялық терең білім беріп, болашақ мамандарға жол көрсету үшін барын салуда. Оқушыларымыз әрдайым ізденісте болып, жаңашылдықтарға ұмтылса, ертеңгі күні еліміздің дамуына өз үлестерін қосары анық.

Екі жыл ішінде 80-ге жуық түлек қанат қақты. Олар бәсекеге қабілетті, үш тілді жетік меңгерген, терең ойлайтын – дарынды балалар. Түлектердің барлығы дерлік грант иегерлері атанды. Еліміздің озық оқу орындары мен Ресей, Қытай, Венгрия елдерінде білім алуда.

Қазіргі таңда білім саласында жаңашылдықтар көп. Жаңаша оқыту бағдарламасы табысты жүргізілуде. Білімге ұмтылған жастарға шетелде оқуға мүмкіндік жасаған Мемлекет басшысына әрқайсымыздың айтар алғысымыз шексіз. Ал жыл сайын Елбасының халыққа арнаған Жолдауларында бұл саланың кеңінен қамтылатыны көңіл қуантады. Президентіміз ертеңгі ел болашағы бүгінгі жастар екенін әу бастан-ақ айтып келеді. Сондықтан біздер Елбасының сындарлы саясатын қолдап, қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз. Осы орайда, Мемлекет басшысының “Рухани жаңғыру” бағдарламасына тоқталып өткім келеді.

Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білімнің рөлі зор. Біз ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдауға тиіспіз. Әрбір азамат өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруі керек. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын қажет ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын оқу ордасы атына заты сай болуы тиіс.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры болу – мен үшін үлкен мәртебе. Өзіме артылған сенімді ақтап, білім саласын жаңа сатыға көтеруде аз да болса еңбек етіп, үлес қосуды азаматтық парызым деп санаймын. Қазіргі таңда біздегі білім беру жүйесі басқа мектептерде қолданылуда. Жақында облыс аудандарынан 1200 мұғалім келіп, тәжірибе алмасты. Жалпы, мұндай шаралар жиі өткізіледі.

Технология дамыған сайын, қоғам жетіліп, жаңару сатысына өтуде. Сондықтан жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың мейілінше ізденімпаз, жасампаз, жылдам, ұшқыр ойлы болулары үшін біздер барынша атсалысуымыз керек.

Ал ұстаздан шәкірті озса, еткен еңбек пен төккен тердің зая кетпегені. Осы орайда оқушыларымыз пәндік олимпиадаларда, дебаттық пікірталастарда топ жаруда. Республикалық ғылыми жобалар конкурстарында, пәндік олимпиадаларда, түрлі шығармашылық байқауларда Аружан Рахимова, Юля Лагуткина, Фарит Муратов, Нұрлан Тұрғымбаев, Армангүл Ербол, Индира Сейтімова мен басқа да дарынды ұл-қыздарымыз жеңімпаз атанып, мерейімізді тасытты.

Оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып, қабілетін шыңдауда мектеп кешенінде заманауи технологиялармен жабдықталған зертханалар жұмыс істейді. Білікті ұстаздар әр баланың қабілетін байқап, оны әрі қарай дамытуда аянып қалмақ емес. Сол себепті білім-біліктіліктерін жетілдіріп, әртүрлі курстарға қатысуда. Бүгінде жиырма бес мұғалім деңгейлік курстан өтуде. Биыл Ұлыбритания, Греция, Тайланд, Грузия елдерінде өткен білім конференцияларына біздің мектептен бес мұғалім барды. Бұл – оқу ордасының айтулы жетістіктерінің бірі. Сондықтан еңселі ел, іргелі мемлекетте дарынды шәкірт тәрбиелеуге өз үлесін қосып отырған білім ордасының бағындырар биігі әлі алда деп ойлаймын.

Нұрғали ЕЛШІБЕКОВ,

химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp