Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып теледидар мен интернеттің өрісі кеңейе түсті. Десек те, жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ететін интернетті шалғай ауылдағы тұрғындардың қолдану мүмкіндігі әлі де шектеулі. Олай болса, аймақтық басылымдардың коммуникациялық, ақпараттық және әлеуметтік мәні зор. Әсіресе, “Солтүстік Қазақстан” газетін ерекше атап өтуге болады.
Бұл басылым өңір тұрғындарын ресми ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, оқырмандарының рухани әлемін байытып, қаламды серік еткендерді қанаттандырады. Газетте жарияланған әр мақала оқырмандарды өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырып, қоғамда орын алған өзекті мәселелер жайлы кең көлемде ақпарат береді. Уақытпен үндескен басылым республикамыздың дамуына және өңіріміздің өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларымыз бен тарихи оқиғаларды да назардан тыс қалдырмайды. Бір сөзбен айтқанда, “Солтүстік Қазақстан” газеті үй шаруашылығындағы аналар мен зейнеткерлерден бастап, түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандардың қызығушылығын қанағаттандыра алады.
Облыс өміріндегі өткір мәселелерді, кемшіліктерді дер кезінде көтеріп, оның алдын алуға атсалысады. Газет тек жаңалық жаршысы ғана емес, тәрбиешіміз әрі сыншымыз. Өңіріміздегі қазақ тіліндегі беткеұстар басылымды осындай деңгейге көтеріп, аса үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып жүрген журналистердің ерен еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Тілшілер қызмет бабында жолбасшы болған ұстанымдарынан ауытқымай, оқырманның мақсат-мүддесін бәрінен жоғары ұстайды. Олар сөз еткен мәселелер маңызды саяси проблемалардың талқылануына, ұлттық мәдениеттің дамуына, құндылықтар жүйесінің қалыптасуына түрткі болуда.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті “Солтүстік Қазақстан” газетімен бірнеше жыл бойы ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Баспасөз бетінен мемлекеттік қызметтегі бос орындарға жарияланған конкурстар, жемқорлықтың алдын алу бойынша өткізілген іс-шаралар жайлы ақпараттар оқуға болады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті “Солтүстік Қазақстан” газетіне ризашылығын білдіреді.
Қадірлі оқырман! Баспасөз құралдарын барынша қолдау – әрбір азаматтың ортақ парызы. Осы себептен өз көзқарастарыңызды кеңейтіп, кәсіби деңгейлеріңізді көтеру үшін “Солтүстік Қазақстан” газетіне жазылыңыздар.
Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы.