Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “7 – 20 – 25” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстық әкімдік пен “Баспана” ипотекалық ұйымы меморандумға қол қойды.
– Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға айрықша басымдық берді. Әрбір адамның баспаналы болуына жағдай жасау алда тұрған басты міндеттердің бірі болып саналады. Қазақстан Ұлттық банкі тұрғындар үшін тиімді бағдарлама жасап шықты, – деген облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев бюджеттік сала мамандарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Отырыс барысында сөз алған “Баспана” ипотекалық ұйымы” АҚ төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов елімізде аталмыш бағдарлама бойынша 3 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 2 мыңнан астамына келісім берілсе, соның тек екеуі біздің өңірден екенін жеткізді. Өңір тұрғындарының бұл бағдарламаға қатысуға құлшыныс танытпауына жайлы үйдің табылмауы мен алғашқы жарнаның жиырма пайыздық мөлшері кері әсер еткен. Енді тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын “7 – 20 – 25” бағдарламасы бойынша білім беру, медицина, құқық қорғау салаларында жұмыс істейтін мамандарға қарастырылатын жеңілдік тұрғын үй құрылысына да зор серпін бермек.
“7 – 20 – 25” бағдарламасы бойынша алғашқы жарна бұрын жиырма пайызды құраса, енді үміткерлер тек қажетті қаржының он пайызын жинап, баспана сатып алады. Яғни, қалған он пайызы жергілікті бюджет есебінен субсидияланады. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, субсидияға биыл екі жүз миллион теңге бөлінеді. Егер баспана бағасы он миллион теңге болса, оның сегіз миллионын банк займға береді. Екі миллион теңгенің жартысын жергілікті әкімдік қаржыландырса, тұрғынға қалған бір миллион теңгені жинау шарт. Ал ай сайынғы төлем 56 мың теңгені құрайды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.