«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ КІЛТІ — БІЛІКТІ МАМАНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап халықты әлеуметтік жағынан қолдауды мемлекеттік саясаттың басты бағыты етіп белгіледі. Бүгінде сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарамастан, қазақстандықтардың әл-ауқаты, тұрмыс сапасы артып келеді.

Тұрғындардың ауқатты өмір сүруіне лайық жағдай жасау бүгінде кез келген мемлекеттің ең басты мақсаты болып отыр. Адамдардың тұрмыс сапасы ел дамуының басты көрсеткіші саналады. Қазақстанда да бұл тұрғыда қыруар іс қолға алынып жатыр.

Бүгінгі таңда егемен еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, әлем елдері арасында өзінің лайықты орнын алып отыр. Мемлекетіміз барлық салада айтулы жетістіктерге қол жеткізуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 5 қазанында халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға күш жұмсалатындығын айтты. Бұл міндет Президентіміздің осыған дейінгі Жолдауларында, бағдарламалық мақалалары мен саяси реформаларында көрініс тапқан болатын. Мемлекет басшысының биыл жариялаған “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуі аясында да халық тұрмысын көтеру бағытында батыл қадамдар жасалған еді.

Жолдауда еліміздегі әлеуметтік саясатты жүргізу және көмекке мұқтаж адамдардың талаптарын жүзеге асырудағы мемлекеттің жауапкершілігі нақтыланды. Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге арттыруды, 3 жыл ішінде қосымша 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуды, 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу жөнінде тапсырмалар берді.

Мемлекет қолдауына қарамастан, әрбір адам материалдық игілікке еңбек пен кәсіби шеберлігі арқылы қол жеткізе алатынын түсінуі тиіс. Білімге деген құштарлық әрбір адам үшін оның ең жоғары құндылығы мен жетістігі болуы керек. Қазақстан жастарына балабақшадан бастап университетке дейін жақсы білім алу мүмкіндігі зор.

Президент Жолдауында орта мектептердің өзінде балаларды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеуге неғұрлым көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Бұл оқытудың жаңа бағдарламаларын жасауға және оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайтуға жол ашады. Орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарында Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университетінің ең үздік тәжірибесі енгізілетін болады. “Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды”, – деді Президент өз сөзінде. Осы орайда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жаңғырту бағдарламасы аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті білім ордасына шетелдің білікті ғалымдарды тарта отырып, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мақсатын іске асыра бастады. Мәселен, университетімізге Корфантего атындағы Жоғары Силез университетінің (Польша) профессоры Стефан Дырка келген болатын. Ол экономика және құқық тарихы факультетінің студенттері үшін “Логистика” пәні бойынша сабақ береді, сондай-ақ, магистранттар мен докторанттарға дәріс оқиды.

Университетімізде Президенттің бес бастамасында белгіленген жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бойынша міндеттер жүзеге асырылуда. Осы бастамалар бойынша мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына түсуші түлектерге мыңдаған қосымша грант бөлінді. Елбасы Жолдауында: “Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді”, – деп атап көрсетті. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі түлектердің жұмысқа орналасуы және олардың еңбекақысының көлемімен анықталатыны белгілі. Сондықтан жоғары оқу орындары болашақта сұранысқа ие және сирек кездесетін мамандық иелерін даярлап, сапалы білім беру қызметін абыройлы түрде атқаруы тиіс.

Елімізде жастарды қолдау шаралары алдағы жылы қарқын алмақ. Себебі, 2019 жыл – “Жастар жылы” болып жарияланды. Жолдауда жастарға үлкен сенім жүктелді. Бүгінгі жас ұрпақ сапалы білім алу арқылы өмірлік бағыт-бағдарларын анықтап, келешекте еліміздің шынайы патриоты, білікті, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті азамат атануы тиіс. Болашағымызды осындай жастардың қолына тапсырсақ, еліміздің беделі одан сайын арта бермек.

Серік ӨМІРБАЕВ,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp