«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЕГЕЙ КӘСІПОРЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданында “Bio Оperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын бастады. Астықты тереңдете өңдеумен айналысатын зауыттың ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Осыдан он екі жыл бұрын “Биохим” өндірістік ке­шені бой көтеріп, бидайды қалдықсыз өңдеп, балауыз бен биоэтанол өндіре бастаған. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты кәсіпорынның өз жұ­мысын тоқтатуға мәжбүр болғаны белгілі. “Орнында бар оңалар” дегендей, көп жыл тұралап қалған кәсіпорын “ҚазМұнайГаз” АҚ-ы мен “BioLinekz” ЖШС-і сынды инвесторлармен келісімшартқа отырып, зауытты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде цехтардағы құрал-жабдықтар жаңғыртылып, кәсіпорынның тамырына қайтадан қан жүгірді.

Зауыттың ашылу салтанатында Құмар Ақсақалов еліміздегі және жақын шет елдердегі баламасы жоқ кәсіпорын импорттық өнімдерді алмастыратынын айтты.

– Бидайды терең өңдейтін бұл зауыттың өңір экономикасын дамытуға қосар үлесі зор болмақ. Кәсiпорынның қуаттылығы жылына 300 мың тонна бидайды өңдеуге жетеді. Жергiлiктi шикiзат қолданылатын өндіріс орнында 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта олардың санын бір мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бірегей кәсіпорынның арқасында аудан бюджетіне жылына 100 млн. теңге салық түседi, – дедi Құмар Іргебайұлы.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Берік Бейсенғалиев, “KazFoodProducts” компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек, “Қазақстанның инвестициялық қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы Ермек Сакишев бұл өндіріс орны ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының дамуына серпін беретініне сенім білдіріп, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

Меймандар өндірістік ғимараттарды аралап, цехтар мен зертханаларда орналасқан заманауи құрал-жабдықтардың жұмысымен танысты. Құмар Іргебайұлы зауыттың крахмал, балауыз және мал шаруашылығына қажетті жемазық шығаратын жаңа желісін іске қосты. Пайдалануға берілген цехқа қажетті заманауи құрал-жабдықтар Қытай, Ресей­ және Түркия елдерінен жеткізілген.

– Жиырма гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынды жаңғыртып, заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға 11 млрд. теңге қаражат жұмсалды. Бірінші кезеңде ұнға деген ішкі-сыртқы сұраныс ескеріліп, автоматтандырылған диiрмен цехы іске қосылып, элеваторлар мен дайын өнімді сақтайтын қоймалар салынды. Қазіргі уақытта биоэтанол өндірісі технологиясын жетілдіру мен жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өндіріс толық іске қосылған кезде тәулігіне 660 тоннаға дейін астық өңделетін болады. Бүгіндері елiмiздiң мұнай өңдеу зауыттарымен биоэтанолды жеткiзу бойынша келiссөздер жүргiзудеміз. Отандық мұнай зауыттарының “Еуро-5” және “Еуро-6” бензинiн шығаруға көшкенiн ескерсек, отандық биоэтанолға деген сұраныстың жоғары болары сөзсіз. Дайын өнім Еуропа және орталық Азия елдеріне экспортталатын болады, – дейді зауыттың атқарушы директоры Сәбит Ахметов.

Серіктестіктің жанындағы 50 мың бас шошқаға арналған ферма да жаңғыртылуда. Кешенде жылына төрт мың тонна ет өндірілетін болады. Инвесторлар алдағы уақытта төл басын 30 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жақын арада мұнда ет комбинаты да iске қосылмақшы. Озық технология бойынша салынып жатқан кешенде малды сояр алдында ұстайтын орын, қасапхана, етті қайта өңдейтін, тоңазытатын және тағы да басқа қызметтерге арналған бірнеше цех жабдықталған. Жаңа нысан етті тереңдете өңдеп, экспорттық өнім шығаруға мүмкіндік бермек. Ет комбинатының жобалық қуаты жылына 15 мың тонна тоңазытылған ет және 9 мың тонна шұжық өнімдерін шығаруға жетеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp