«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ СЕНІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабаларымызға арман болып кеткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, бейбіт күннің астында бақуатты өмір сүрудеміз. Тыңнан түрен түрген осы уақыт аралығында елімізде жаңа зейнетақы реформасы жүзеге асырылды және экономикалық, әлеуметтік, саяси жүйені жаңғырту жолында нық қадамдар жасалды. Қазіргі уақытта Қазақстанның ширек ғасыр аралығында әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің бірі ретінде өз орнын айқындағанының куәсі болып отырмыз. Осы күнге жету үшін қазақстандықтар талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті.

Бұл жылдар облыс тұрғындарына да оңай болған жоқ. “Көппен көрген ұлы той” дегендей, тоқсаныншы жылдардың суығына бірге тоңып, ыстығына бірге күйдік. Дегенмен, талай оң өзгерістер орын алып, ел экономикасы адымдап алға басты. Сол жаңалықтардың ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінде орын алып жатқан өзгерістерді атап айтар едім. Осы кезең аралығында еліміз маңызды әлеуметтік-демографиялық, экономикалық өзгерістерді бастан кешіріп, талай жаңа белестерді бағындырды. Қазақстанның зейнетақы жүйесі де жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, уақыт талабына сай жаңарды.

Кеңестік дәуірден қалған зейнетақы жүйесін жаңарту қажеттігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туындағаны белгілі. Кеңес одағы құлағаннан кейін ортақ зейнетақы жүйесі жаңа заман талабына сай келмейтіні түсінікті болды. Сондықтан Қазақстан өзіне қолайлы жүйе қалыптастыру үшін әлемдік тәжірибені зерттей бастады. Ең оңтайлы жүйе ретінде 1980-ші жылдары әлем бойынша үздік деп танылған Чилидің үлгісі таңдалып алынды. Қызу пікірталастардан кейін 1997 жылдың 20 маусымында Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Заңы қабылданды.

Міне, содан бері Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын өзгерістердің оң екеніне көзіміз жетуде. Зейнеткер ретінде мені бұл саланың жаңалықтары қызықтырады. Мәселен, соңғы жылдары түрлі салада қызмет ететін адамдардың жалақысы өсуде. Сонымен қатар зейнетақының мөлшері көбеюде. Бұлардың барлығы ертеңгі күнге деген сенімді шыңдай түседі емес пе?! Қарапайым халыққа деген осындай оң көзқарасты көргенде, көңілің бір марқайып қалатыны сөзсіз. Шыны керек, бүгінгі таңда мемлекетімізде еңбек етемін деген адам үшін барлық жағдай жасалған. Тек мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау керек. Әсіресе, жастарымыз оқып, ұмтылып, талаптанып, қолдан келгенше еліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосулары керек.

Жасым 65-ке келсе де еңкейіп отырып қалмай, еркін жүремін. Өзімді сергек сезінемін. Жастайымнан жұмыс істеп, елмен етене жүрдім. Бүгіндері Қызылжар өңірінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан көп азаматтардың біріне айналдым. Жұрт мені бір істі қолға алса бітірмей қоймайтын белсенді адам ретінде таниды. Бұрынғы Совет ауданы (қазіргі Аққайың ауданы) Ленин ауылында дүниеге келдім. Зейнеткерлік жасқа жеткен уақытымда өткен өміріме көз жүгіртсем, жетістіктерімнің барлығына тек еселі еңбектің арқасында ғана қол жеткізген екенмін. Облыстық күрес федерациясының вице-президенті, комсомол ардагері, кеден қызметінің полковнигі болуым және Петропавл қаласының құрметті азаматы атануым да сол маңдай тердің арқасы деп білемін.

Қалаға келген алғашқы күннен бастап осы жерде орта арнаулы білім алдым, табысты қызмет атқардым, спортта біраз жетістіктерге жеттім. Атап айтқанда, Петропавл педагогикалық институтын, Омбы дене тәрбиесі мемлекеттік институтын бітірдім. Өмірімнің басым бөлігін спорт саласына арнадым. “Күш атасын танымас” демекші, қарсыластарымды алып та, шалып та жығушы едім. Он жыл бойы еркін күрес, самбо, қазақша күрестен облыс командасының құрамында болдым.

Өңір тұрғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттау жолында тынбай еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Атап айтқанда, кезінде Солтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің спорттық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі ретінде облыс жастарын бұқаралық спортпен айналысуға жұмылдыру жолында аянбай тер төктім. Облыстық “Ақбидай” және “Солтүстік” сынды жазғы және қысқы спартакиадаларды алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болғанымды ерекше мақтанышпен айта аламын. Балалар арасында “Былғары доп”, “Алтын шайба” жарыстарын өткіздім. 1990 жылдан бастап “Динамо” ерікті спорт қоғамын басқардым. Облыстық спорт ардагерлері кеңесі басқармасының мүшесі, қысқы Азия ойындарының алауын ұстау құрметіне ие болғаныма да қуаныштымын. Бұл күні жерлестерім мені Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан қазақша күрестен тұңғыш спорт шебері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, 1974 жылы бұрынғы Шымкент облысындағы Темірлан кентінде өткен атақты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жарыстың жүлдегері ретінде біледі. Боз кілемнен кеткеніммен, спорттан ажырамадым. Облыстағы күрес түрлерімен шұғылданып жүрген балуандар мен бапкерлерді үнемі қолдап, олардың түйінді мәселелерін шешуден бір қол үзген емеспін.

Ал қызмет жолыма тоқталар болсам, ел егемендігін алған жылдары кеден қызметінің тұңғыш қазығын қаққандардың қатарына қосылып, 1993 жылы қайтадан жасақталған Солтүстік Қазақстан облысы кеден қызметінің бастығы болдым. Бұл салада да жеткен жетістіктерім аз емес. Ол кезде қазіргі басқарма жоқ. Қинала жүріп, жұмыс істедік. Уақыт өте келе қазіргі облыстық кеден басқармасы орналасқан ғимарат қолымызға тиген соң оны қалпына келтіруге кіріскен едік. Ауласын барынша көркейттік. Алдымен ғимарат алаңына шыршалар отырғызу, тазалық орнату, қоршауларын жаңарту қолға алынды. Жылдар өте келе мұнда қызметкерлерге арналған спорт залы пайдалануға берілді. Әлбетте кеден қызметінде жұмыс істеген соң кәсіби білімнің маңыздылығын жете түсіндік. Сол себепті, 1996 жылы Мәскеудегі Ресей кеден академиясына сырттай оқуға түсіп, білімімді жетілдірген соң 2002 жылы Жамбыл облыстық кеден департаментіне басшы болып тағайындалдым. “Бәрін айт та, бірін айт” демекші, кеден саласында, облыстық күрес федерациясында лауазымды қызметтер атқара жүріп, өңіріміздің қара домалақ балаларының қазақ күресіне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, тәрбиелеумен болдық. Әріптестеріммен бірге ауыл-ауылды аралап, боз кілемде шеберлігін таныта алатын балғын жастарды іріктеп, бәсі биік сайыстарға апарып отырдық. Көздеген мақсатымыз – бәсекелі жарыстарға қатыстыра отыра, олардың біліктілігін арттырып, қарсы келген қандай мықтыдан да тайсалмауға үйрету еді.

Бүгінде зейнеткермін. Жас ұлғая адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, әр ісін мұқият саралайтыны көпшілікке аян. “Елу жылда – ел жаңа” деген. Әлі де тұғырдан тайған жоқпын. Зейнеткермін ғой деп үйде қол қусырып қарап отырмай, әлі де қоғамдық, спорттық саладағы шараларға араласып келемін. Зейнетақым да бір басыма жетеді. Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты міндет – оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру деп білемін. Осы ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына тек сәттілік тілеймін.

Қазіргі нарық заманында әрбір адамның болашағы өз қолында екендігі белгілі. Демек, қарттықтың қамын қазірден бастап ойлау қажет. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы шотыңызға тұрақты түрде жарна аударып тұрсаңыз, зейнет жасындағы өміріңіз де жарқын бола түсері хақ.

Бауыржан ҚҰЛЖАНОВ,

Петропавл қаласының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp