«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ташеневтің еліне сіңірген еңбегі орасан. Оны нағыз аңыз адам десек, қателеспейміз. Сол кездегі одақ басшысы Никита Хрущевке қарсы шығып, қазақтың байтақ жерін құрақ көрпедей бөлшектеуден аман сақтап қалғанының өзі неге тұрады?! Қайсар қайраткердің 100 жылдығына орай еліміздің бірнеше өңірінде оның қасқайған мүсіні орын алса, есімінің Петропавлдағы №20 мектепке берілуін ардақты тұлғаға көрсетілген лайықты құрмет деп қабылдадық.

Аталмыш білім ордасының жанынан ашылған қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайраткердің еңселі ескерткіші де көзге ыстық көрінеді. Оның ашылуында республикамыздың түкпір-түкпірінен келген белгілі азаматтардың жылы лебіз білдіргендері де есімізде. Елдіктің, азаттықтың белгісіне баланған Жұмабек Тәшенев ескерткішінің бүгінгі аянышты жағдайы көңілге қаяу түсірмей қоймайды.

Редакциямызға қоңырау шалған бірқатар аға буын өкілдерінің де жандарына батып отырғаны осы жағдай. “Ескерткіштің маңынан жиі өтемін. Жаймашуақ жаз айларында бұл маңда адамдар көп жүреді. Қазақтың маңдайына біткен асыл тұлғасының мүсіні жайғасқан орынның күтімсіз қалуы ақылға сыймайды. Ескерткіштің сынған тұсы саз балшықпен сыланғанға ұқсайды. Айналасы абаттандырылмаған. Ағаштардың жапырақтары, жел айдап әкелген қоқыстар үйіліп қалыпты. Жас ұрпақ қазақтың тәуелсіздігі жолында күрескен тұлғаның мүсінінен қуат алу керек қой. Мектеп басшылығы қайда қарап отыр? Жаз мезгілінде айналасына гүл егіп, жұрт тамсана қарайтын орынға айналдырса болмас па еді? – дейді еңбек ардагері Зейнолла Олжабаев.

Ақсақал айтқандай, мүсін маңайының аянышты жағдайына куә болдық. Еңгезердей тұлғаның екі иығы дала құстарының саңғырығымен былғанған. Мәселенің мән-жайын білмек мақсатпен мектептің басшылығына хабарласқан едік. Білім ордасының директоры Данияр Шәкенов: “Ескерткіш мектептің жанында орналасқанымен, біз оның тазалығына жауап бермейміз. Бұл жұмыстармен Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі айналысуы тиіс”, – деп айды аспанға бірақ шығарды. Мәссаған?! Батырдың есімі берілген мектеп басшысы осылай десе, өзгелерден не сұрауға болады? Өкінішке қарай, коммуналдық бөлім қызметкерлерінен де дұрыс жауап ала алмадық.

Бірде Бауыржан Мо­мыш­ұлы өзін кеу-кеулеген топқа елеусіздеу отырған Жұмабек Тәшеневті көр­сетіп: “Біле білсеңдер, төбе­леріңе көте­ретін азаматтарыңыздың бірі – осы Жұмабек Тәшенев. Қазақ ұлтының болашағы, жерінің тұ­тастығы үшін басын бәйгеге тіккен, қызметінен намысын биік қойған ардағың осы”, – депті. Батырлар бір-бірінің бағасын біледі ғой. Ал мектеп басшылығының, коммуналдық қызметтің бұл ісін қалай түсінеміз?

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp