Өткен жылы Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында болып, сайлаушылармен кездескенімде жолаушылар пойыздарының қызметін жақсартуға қатысты өтініштер айтылған еді.
Осыған орай мен Инвестициялар және даму министрінің атына хат жазып, “Қарағанды – Омбы” қатынасындағы жолаушылар пойызының Булаево станциясында тоқтау уақытын ұзарту және “Астана – Қызылту” қатынасындағы жолаушылар пойызына қосымша вагон тіркеу жөнінде ұсыныстар жасаған едім. Ол хатқа берілген жауапта “Қарағанды – Омбы” бағытындағы жолаушылар пойызының Булаево станциясында тоқтау уақытын ұзарту мәселесі осы станция қарайтын “Ресей темір жолдары” ашық акционерлік қоғамымен келісіліп шешілетіндігі, ал “Астана – Қызылту” жолаушылар пойызына қосымша вагон тіркеу мәселесі үстіміздегі жылға арналған республикалық бюджетті қайта қарау барысында ескерілетіндігі хабарланған болатын.
Таяуда менің солтүстікқазақстандық жолаушылардың мұқтаждықтары нақты қалай шешілгендігі туралы сауалыма Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Роман Скляр қол қойған төмендегідей жауап келді:
“Сіздің сауалыңыз бойынша министрлік тиісті жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде 2019 жылғы 9 желтоқсаннан бастап қолданысқа енетін жолаушылар пойызының жаңа қозғалыс кестесінде “Қарағанды – Омбы” қатынасындағы жолаушылар пойызы Булаево станциясында 30 минутқа екі бағытта да тоқтайтын болады.
Сондай-ақ, министрлік пен тасымалдаушының арасындағы келісімшарт қарастырыла отырып, “Астана – Қызылту” қатынасындағы жолаушылар пойызының құрамы 2017 жылғымен салыстырғанда 2 вагонға көбейтілді және қазіргі уақытта 8 вагонды құрайды”.
Осы ретте “Қарағанды – Омбы” жолаушылар пойызы Булаево станциясында бұрынғыдай 2 минут емес, 30 минутқа тоқтап, Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындарына да қызмет көрсетуді келесі жылдың соңында ғана бастайтындығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Теміржол көлігі бойынша кеңесінің дирекциясы бекіткен Халықаралық теміржол жолаушылар қатынасының бағыттарын басқару тәртібіне сәйкес халықаралық пойыздардың қозғалыс кестесіне өзгерістер алдағы жылдың пойыздар кестесін бекітуге кем дегенде 10 ай қалғанда енгізілетіндігімен байланысты болып отырғандығын айта кеткен жөн.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшесі.