«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХАНИ КЕЛІСІМ — АДАМЗАТҚА ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың қатысуымен дін­аралық үнқатысудың халық­аралық деңгейдегі біре­гей алаңына айналған Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбас­шы­лары­ның VI съезі өтті. “Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін” тақырыбымен ұйым­дастырылған Съезге 42 елден 82 делегация қа­тыс­ты. Олардың арасында ді­ни көшбасшылар, сая­си қай­раткерлер мен халық­аралық ұйымдар өкілдері болды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI cъезінің ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған хор халқымызға кеңінен таныс “Ақ көгершін” әнін орындады. Бұл ән алқалы жиынның бас­ты бағдарын, міндетін айқындап бергендей болды.

Бұдан кейін Съезд жұ­мы­сын жүргізген Қазақстан Пар­ла­менті Сенатының Төрағасы, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.

Мемлекет басшысы Съезд делегаттары алдында Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бас­тамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көш­басшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді.

– Алғашқы тарихи Съезден бе­рі 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз ал­тыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қа­­тыс­қан ескі достарымызбен қайта қауышқаныма өте қуа­ныш­тымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық біл­діремін. Біздің ел­ордамыз биыл өзінің жиыр­ма жылдығын атап өтуде. Әлем­дік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезі ел­ор­дамыздың бойтұмарына ай­нал­ды деуге болады. Се­бебі, біз Ас­тананы барлық мәде­ниет­тер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Пре­зи­денті.

Мемлекет басшысы бітім­­гер­­шілік, серіктестік, толеранттылық, жасампаздық идея­ларын жа­һан­дық деңгей­де ілгерілету жолын­да Қазақстан­ның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жө­нін­де айтты.

– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бей­несі қалыптасуда.

Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда, бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара се­нім­сіздіктің, жек көрушілік пен қақ­ты­ғыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Қазақстан Президенті геосаяси шиеленістің және санк­циялық теке-тірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.

– Елдердің, геосаяси блок­тар­дың арасында жаңа дуалдар мен “темір перделі” кедергілер бой көтеруде. Бірақ ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүрек­терінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негі­зін қалауға емес, бәсеке үшін сыл­тау іздеуге, халықтың өсіп-өр­кен­деуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлемде қалыптасқан жағдайдың адамзат үшін жағымсыз салдары болатынына назар аударды.

– Технологияның қарыштап дамуына, жалпыәлемдік бай­лық­тың артуына қарамастан, әлеу­меттік кеселдің ауқымы арта түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның мәліметіне сәйкес жер ша­ры халқының 14 пайызы аш­тықтың азабын тартып отыр. Жұмыссыздардың жалпы са­ны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуы­на негіз болатын әлеуметтік тең­сіздікті күшейте түседі. Сон­дықтан қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру негізгі мәселе болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы түрлі мә­­дениет, дін және мемлекет көш­­бас­шылары арасында өза­ра сый­ластық, сындарлы ынты­мақ­­тастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айтты.

– Қазақстанда 18 түрлі кон­фес­сияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осын­шама алуан түрлілікке қара­мас­тан, біз ұлттық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету және дін бостан­ды­ғын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфес­сияаралық бейбітшілік пен келі­сімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.

– Қазақстан алдағы уақытта да бар күшжігерін өңірлік жә­не жаһандық қауіпсіздікке қатыс­ты мәселелерді шешуге жұмыл­дыра береді. Айтылған бастама­ларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессияаралық және өрке­ниетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін бері­летін съездің бірінші сыйлығын Ва­тикан Папасының кеңесіне та­быс­тау жөнінде шешім қабыл­дан­ғанын делегаттарға хабарлады.

Ашық та сындарлы диалог рухында жұмыс істеген съезд делегаттары бірегей үнқатысу алаңының маңыздылығына жан-жақты тоқталып, әрбір мәдениеттің өкіліне өз ұсынысын, көзқарасын білдіруге мүмкіндік бергендігі үшін Қазақстан тарапына алғыстарын білдірді.

Жалпы отырыс жұмысы түстен кейін де жалғасын тапты. Шара аясында Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен “Ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып, Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер лидерлері съезінің биік мақсаттарын ілге­рілетуге белсене қатысқаны үшін” бірқатар діни басшылар мара­­патталды.

Съездің екінші күнін дін көшбасшылары “Бейбітшілік қабырғасы” монументінің жанында жер бетіндегі бейбітшілік үшін дұға жасаудан бастады. Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығының директоры Айдар Әбуов “Бейбітшілік қабырғасының” Қазақстанның ядролық полигонын жапқанын ғана емес, әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тартқанын айғақтайтыны туралы айтып берді. Монумент тарихтағы қайғылы оқиғалардың зардаптарын ұмытпай, жер жүзіндегі бейбітшілік пен ынтымақты қастерлеуге үндейтіндігін еске салды.

Қазақстан Сенатының Төр­ағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хат­шы­лығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы айтулы жиынды қорытындылау сөзін барлық делегациялардың бас­шылары мен қонақтарына, ха­лықаралық ұйымдардың жоғары өкілдеріне алғыс айтудан бастады. Олардың Съезд жұмысына белсене қатысып, сындарлы үлес қосқанын атап өтті.

Келесі съезд 2021 жылы Ас­та­на қаласында өтетін болып келі­сілді.

(“Егемен Қазақстан”, 11, 12 қазан, 2018 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp