Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дінаралық үнқатысудың халықаралық деңгейдегі бірегей алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті. “Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін” тақырыбымен ұйымдастырылған Съезге 42 елден 82 делегация қатысты. Олардың арасында діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдар өкілдері болды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI cъезінің ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған хор халқымызға кеңінен таныс “Ақ көгершін” әнін орындады. Бұл ән алқалы жиынның басты бағдарын, міндетін айқындап бергендей болды.
Бұдан кейін Съезд жұмысын жүргізген Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.
Мемлекет басшысы Съезд делегаттары алдында Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді.
– Алғашқы тарихи Съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқаныма өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жасампаздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Қазақстанның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жөнінде айтты.
– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда.
Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда, бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті геосаяси шиеленістің және санкциялық теке-тірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.
– Елдердің, геосаяси блоктардың арасында жаңа дуалдар мен “темір перделі” кедергілер бой көтеруде. Бірақ ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүректерінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негізін қалауға емес, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемде қалыптасқан жағдайдың адамзат үшін жағымсыз салдары болатынына назар аударды.
– Технологияның қарыштап дамуына, жалпыәлемдік байлықтың артуына қарамастан, әлеуметтік кеселдің ауқымы арта түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес жер шары халқының 14 пайызы аштықтың азабын тартып отыр. Жұмыссыздардың жалпы саны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуына негіз болатын әлеуметтік теңсіздікті күшейте түседі. Сондықтан қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру негізгі мәселе болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айтты.
– Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.
– Қазақстан алдағы уақытта да бар күшжігерін өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыра береді. Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін берілетін съездің бірінші сыйлығын Ватикан Папасының кеңесіне табыстау жөнінде шешім қабылданғанын делегаттарға хабарлады.
Ашық та сындарлы диалог рухында жұмыс істеген съезд делегаттары бірегей үнқатысу алаңының маңыздылығына жан-жақты тоқталып, әрбір мәдениеттің өкіліне өз ұсынысын, көзқарасын білдіруге мүмкіндік бергендігі үшін Қазақстан тарапына алғыстарын білдірді.
Жалпы отырыс жұмысы түстен кейін де жалғасын тапты. Шара аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен “Ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің биік мақсаттарын ілгерілетуге белсене қатысқаны үшін” бірқатар діни басшылар марапатталды.
Съездің екінші күнін дін көшбасшылары “Бейбітшілік қабырғасы” монументінің жанында жер бетіндегі бейбітшілік үшін дұға жасаудан бастады. Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығының директоры Айдар Әбуов “Бейбітшілік қабырғасының” Қазақстанның ядролық полигонын жапқанын ғана емес, әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тартқанын айғақтайтыны туралы айтып берді. Монумент тарихтағы қайғылы оқиғалардың зардаптарын ұмытпай, жер жүзіндегі бейбітшілік пен ынтымақты қастерлеуге үндейтіндігін еске салды.
Қазақстан Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы айтулы жиынды қорытындылау сөзін барлық делегациялардың басшылары мен қонақтарына, халықаралық ұйымдардың жоғары өкілдеріне алғыс айтудан бастады. Олардың Съезд жұмысына белсене қатысып, сындарлы үлес қосқанын атап өтті.
Келесі съезд 2021 жылы Астана қаласында өтетін болып келісілді.
(“Егемен Қазақстан”, 11, 12 қазан, 2018 жыл).