«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИЫН (әңгіме)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Содан бері көп күн өтті. Бес жасар бала торыға бастады. Көкесін ақ кебінге орап, ай белгісі жарқыраған қорымдағы жер тереңіне берген. Атасын екі аға құшақтап тұрды. Барлығы көкесі жатқан шұңқырға топырақ тастады. Топырақты іліп алатын күрек қолға берілмеді. Әркім өз міндетінен соң сабын жерге тастап, келесі адам жерден өзі көтеріп жатты. Кезек балаға да келді. Ол да көкесіне топырақ тастады…

Үш күн өтіп, кісі аяғы басылған соң ғана атасы тілге келді.

– Көкем қашан келеді? – деді бала.

– Келеді, – деді атасы.

Содан бері көп күн өтті. Апасының да күрсінісі көбейді. Көкесі бардағы мейірімді жүзі көкайыл тартты. Мұны көп еркелетпейтін болды. Атасымен де жиі-жиі сөзге келіп қалатынды шығарды. Ақыры кетіп тынған. Қақпадан үлкен жүк мәшинесі көрінді де, апасы мен бейтаныс аға жүктерді көлікке тией бастады. Шарасыз атасы апасының жанына келді.

– Қалқам-ау, тым құрыса асын күтпедің бе? Бейтаныс аға жерге қарады. Апасы мұның басынан сипаған.

– Ақыры айырылысатын болған соң, ұзын арқан кең тұсау болмай кетіп тынайын… Бөтеннің босағасында жаутаңдатқанша, қара нан жеп, қара су ішсе де, жаныңызда болсын, немереңізді өзіңізге қалдырамын, – деді.

Мұнан соң атасы ләм деген жоқ. Апасы бейтаныс ағаның көлігіне мініп кете барды. Мені апам тастап кетті деп тұжырды бала. Ол апасын сағынамын-ау деп ойламады. Көкесі ерте-е-е-ең үйге келгенде апаң қайда десе не деп жауап беремін деп қамықты. Көкесін кілемге орап үйден бір топ аға сатымен алып шыққан күндегідей атасы үнсіз. Жадағайын иығына жамылып жатып алды. Сауылусыз қалған ала сиыр мөңіреді. Сол күні бұлар мекен еткен үйдің мұржасынан түтін шықпады…

Содан бері көп күн өтті. Бала көкесін сағынып жүр. Дағарадай үйде атасы мен екеуі ғана. Суалуға жақын ала сиырды көршінің келіні сауып береді. Әрегідік белінің шойырылып қалатыны болмаса, қара шалдың қайраты әзірге сары самаурынды қайнатуға жарап тұр. Әсте айқұлақтанып, алагүдектенбейтін тұйық бала әкесінен айырылғалы бері, тіпті, томаға тартты. Күні бойы атасын айналшықтайды.

Бірақ көкесі келмейтін сыңайлы. Ауылдың сыртында қозы қайырып жүріп, айдамал тұс болса да бейітіне екі рет барып қайтты. Сопақша көк тастың бетінен көкесінің суреті өзіне қарап тұр.

– Көке, жүр, үйге қайтамыз, – деді бала.

– Көке десе…

– Көке, апам бізден кетті. Үйге жүрші, ермек ететін телебізер де бұзылып қалды…

Көкесі төмпешік астынан бой көрсетпеді. Ерте көктемнің нәурізегі көкте шырыл қақты.

– Осы менің көкем қашан келеді? – деді атасына.

Шал немересін алдағысы келмеді. Шынын айтты.

– Е, қалқам-ай, әкең о дүние мен бұ дүниенің арасын бір-ақ тұтам қылып кете барған жоқ па?

Азалы шал немересінің ерініне жұққан тәтті жұғынын кесе ысып отырған сулығымен сүртті. Жіпсіген маңдайын ақ шаршымен желпіп алды да, қайнақ суы өңешінен орын тауып, қаңсыған самаурынды сыртқа жайғап келді. Ұртындағы сөктен ерні бұлтиған немересі атасының аяғын ала жантайды.

– Көкем сонда қайда кетіпті? – деді.

Шал абыл-сабыл күйге түсті. Қапырықты елемей, жадағайын иығына тартып жамылып, әбігерге түсті. Іле жауап беруім керек деп шешті де, шеміршек болып қатып қалған алақанымен немересінің кекілін сипады.

– Көкең бұ дүниені тастап о дүниеге кетті.

– О дүние деген не?

– О дүние деген – аруақтардың мекені.

Әр нәрсенің басын шалып сұрап жатқан ұл шаңыраққа қарап аз-кем ойланды да, ұшып тұрып, босағадағы сүйретпесін киді.

– Ата, жүр онда көкеме барайық, – дегені.

Шал жерге қарады.

– Жүрші, ата.

– Көкемнің көк дөненіне аяқ артсақ, шашасының желі бар емес пе, демде жеткізеді.

Иесінің артында қалған жалғыз тұяқтың өзі туралы айтқанын естіп қойғандай, сайдың саясында шідерімен шоқырақтап жусап жүрген құйрық-жалы күзеулі көк дөнен пысқырынды.

– Ата, көкемді сағындым…

Шал күрсінді. Иегі кемсеңдеп, шоқша сақалы селк-селк етіп өксіді.

– Мені сағынбады деймісің, жарығым!

– Ата…

Кішкене ұл сүйретпесінің темір ілгегін салып, сақадай сай күйі күтіп тұр. Шал немересін алдарқатпақ болды:

– Құлыным, біз көк дөненмен ол жаққа бара алмаймыз. Ортада үлкен теңіз бар…

– Ал көкемді о дүниеге кім өткізді?

– Қайықшы да…

Бала дарияның арғы бетіндегі түп нағашыларына қыдырып барған сайын қайыққа мінетін. Өткізушілік міндеті үшін арбайған саусақтары ескектерді баппен есетін қаба сақалды, қарағай бойлы қара шалға тиын төлейтін. Кішкене ұл шынашақ саусағын тістелеп ойланып қалды. Түнеугүні апасы сағыз үшін берген тиынды сақтап қойған жерді жедел еске түсірді. Түрулі киіз үйдің сүйегіне тақау төселген, қызыл ала қошқар мүйізі бедерленген текеметтің шетін көтеріп, тапталған дымқыл топырақ бетінде жатқан бақырды саусағымен іліп алып, атасына көрсетті.

– Міне. Мұны қайықшыға төлей аламыз.

Шал мүлдем абдырады. Періштеге жалған сөйлеп, күнәға белшемнен баттым-ау деп қамықты.

– Бұл тиын жетпейді, – деді, – Қайықшының сұрайтыны көп тиын. Көп тиын бізде жоқ…

Кішкене ұл күрсініп алды.

– Көкем кетерінде қалтасына тиын салып кетіп пе еді?

Шал басын изеді де, бетін іргеге бұрып әкетті. Көзіндегі жасты көрмесін деп тер сіңген ала тақиясымен бетін жасырды…

Содан бері бала тиын жинауға кірісті. Көп тиын жинауым керек деп тұжырды. Көшеде келе жатып үнемі жерге қарап жүретін әдет тапты. Тиын табылып қалар ма деген дәмесі. Бірде көзіне бір тиындық ілінді. Әлдекімнің қалтасынан түскен болар. Аз-кем ойланды. Алса қайтер екен деді. Көшеден ештеңе алушы болма! Атасының ескертуі есіне түсті. Сөйтсе де, тұңғыш рет атасын тыңдамады. Тиынды жинап жүрген бақырларының арасына қосты.

Атасы білмейді ғой. Баланың ерніне мұнан кейін балмұздақ тиген жоқ. Қаладан келіп тәтті мұздақ сататын орыс тәтейдің алдын көрмегелі де көп күн өтті. Сырты шоколадпен қапталған балмұздаққа бас қойған достарына қызыға қараса да өзін тежейтін. Тәйірі, тәтті мұздақ жеген, жемегенде тұрған не бар деп өзін алдарқатады. Есесіне көкемді көретін боламын, көкемді…

Атасы мұны естісе ренжитін шығар-ау: көкесі Келіншектаудың аңғарынан аң қарай барып, атып алған арқардың артқы тірсегінен әперген сақаны да тиынға айырбастап жіберді. Жалықпай тауқа тұсын жонып, алшы түсетін етті. Көрші әже жүн бояғанда қоса қызартып, бүк тұсына жүгерінің көлеміндей қорғасынды ерітіп құйды. Көкем келіп Қызылкөлдің жайлауынан тағы арқар алса, сақалы бола жатармын. Әзірге тек, көкем келсе екен!..

Атасы байқамады: Түнеугүні көршінің үйіне келін түскен. Атасына еріп бұл да барды. Бозбала домбыраны безілдетіп келіннің бетін ашты. Жас келінге ауылдың бала-шағаға деп салдырған сәлемінің ішіндегі қарадомалақтармен бірге мұның да есімі аталды. Атасы марқайып, қолына екі тиындық ұстатқан. Бала тиын-тебен жатқан шаршыға бір тиынды ғана тастады. Екінші тиынды саусағының арасына қыстырып бүгіп қалды. Тиынды көкесі үшін жинаған қазынасына қосты.

Бала күнде ертеңгісін әудем жердегі құдықтан су тасиды. Кішкене қалайы шелегімен екі рет қатынаса атасы екеуінің әжетіне жарап тұрған су дайын. Әдеттегідей құдық басында кезек күтіп отырып, үлкендердің сөзіне құлақ түрген.

– Жылан көрген жерің бар ма?

– Оны кәйтпексің?

Екіншісі аң-таң.

– Терісі сағат бауға қатып тұр. Жылан көрсең есіңде болсын. Тегін емес, сатып аламын.

Сол күні бала көкесінің асына аталған дөненнің маңынан жылан көріп қалды. Терісі шахмат тақтасы тәріздес жылан ысылдап жөнеп барады. Жадына құдық басындағы бозбаланың сөзі оралған. Мұның терісін сыпырып алып барса, ол көп тиын берсе… көкесіне баруға жетіп қалатын шығар-ау.

Мезгіл – бесін ауып қалған. Атасы бұл кез намазға жығылады. Көзге түспей терісін сыпырып алайын… Бала айырды ала сап жыланның жолын бөгеді. Тыныштығының дал-дұлын шығарған сәбиді жылан жаратпады. Ирелеңдеген тік бас неме қапыда тірсегін шымыр еткізіп шаға сап, шөп арасына сіңіп кетті. Ардакүрең дөнен шырқырай кісінеді. Мұны атасына айта алмады.

Ымырт үйіріле демігіп ісіне бастады. Атам онсыз да көкеме күнара кейіп жүр емес пе, мен ауырдым десем не күйге түседі деп тіс жармады. Су жыланның шаққаны қатты болмас, аз-кем шыдасам ауырғаны басылар деп ойлап еді, ауру бел алып кетті. Көрші келіннің кешкі асқа дайындаған кеспесінен екі ұрттады да, төсегіне жантайды. Ісік қаулай түсті. Дәрігерге көрінсем басылар, атама айтайын деп түйді.

– Ата, – деді ақырын.

Соғыстан бір құлағы қалыс естіп қайтқан шал жуық арада ести қоймады.

– Ата! Ата, әлгінде, намаздыгерде мені жылан шақты. Дәрігер шақырасың-ау. Аздап ауырып тұрмын ба деймін…

Сөзін демігіп әзер жеткізді.

– Жылан?!

Маңдайы тайқы, жыланқарақ қария немересінің денесін қаптаған ісікті енді байқады. Онсыздағы қайғысы бес атанға жүк болған қара шал қатты састы. Көйлек-дамбалы ағараңдап, ымыртта масадан қорғану үшін салған түтіннен сарыала тартқан бөз масаханадан атып шығып, мантырап, жалаңаяқ күйде ауылдас қариға жүгірді. Обалы нешік, сонау бір жылдары Бұхарадан сауатын ашыпты делінетін, сәлдесі шамның самаласымен таласқан әзиме ақшамда ауыл итін шулатып аптығып жеткенімен кішкене ұлдың тамырын ұстай сала назары кілт пәсең тартты. Кемпірі мен жалғыз ұлының жаназасын шығарған молданың мінезіне сыралғы болған қара шалдың ерқашты болған жүрегі атқалақтап аузына тығылды. Немересінің білегін маңдайына басты.

– Тамыры соғып тұр ғой, молдеке, – деді сасқалақтап.

Жалаң аяғына сүйретпесін сұға салған қари төмен қарады:

– Ертерек хабар бермеген екенсіз …

Күс басқан өкшесін қозғай беріп еді, сол аяғы ісік тартқан бала шар ете қалды.

– Ойынның қызуымен, ет қызуымен байқамаған екен-ау, бала…

– Молдеке, бір кәрін қыла алармысыз? – деді шал. Дауысы жарықшақтанып шықты.

– Уы тарап кетіп қолды байлап тұр емес пе?..

– Ойбай-ау, молдеке-ау?..

Шал жандәрмен баланың басын сүйеп молдаға жалтақтай берді.

– Көз байланбай тұрып естігенімде шаққан жыланды таптырып алып оқыр едім. Бір амалын тапсам, аянып қалармын ба?

Бала естен танды. Шалдың жасы тарам-тарам болып сақалын бойлады.

– Бұ не дегенің, молдеке-ау?! Бұ не дегенің? Мен қубас енді немеремді де алдыма салайын деп тұрмын ба?

Шал баланы құшақтап еңірей жылады. Сәлдесі дағарадай қари күрсінді. Жүрелей иілген шалдың жауырынынан қақты:

– Әбеке, бекем бол… Беті бері қараудан кетіп қалыпты.

Көз алды тұмандатқан баланың есіне бұдан жыл жарым уақ бұрынғы көрініс еміс-еміс көлбеді. Осындай түн еді. Әкесі осы сәкіде сұлқ жатқан. Атасы қариды әкелген. Көкесінің оң білегін ұстап отырып, осы сөзді қайталаған: Бекем бол, беті бері қараудан кетіп қалыпты. Тоқтай қал, содан соң әкесі о дүниеге аттанған жоқ па? Бұл да аз уақыттан кейін о дүниеге кетеді екен-ау…

Бала қуанды: демек, көкесін көреді. Періште түйсігінде пәниді қимау ұғымы жоқ болатын. Ол екі дүниенің ортасындағы тасымалшы қайықтың иесіне төлейтін тиынды ала алмай қаламын-ау деп қорықты. Бар күшін жинап, көкесі о дүниеге кеткен соң үш күн ауырып жатып, бір түнде жоғалып кеткен Алыпсоқтың үйшігінде сақталған, былтыр мал төлдегенде ақсыз балалаған тұмса қойдың қозысына сүт берген бөтелкенің ішіндегі қайықшыға деп жинаған тиындарын алып бер деп айтқысы келді. Бұған шамасы келмеді. Тілі күрмеле берді.

– Ата, – деді кішкене ұл:

– Ата…

Шал басын көтерді. Маңына ауыл адамдары жиналып қалған.

– Әу, құлыным?

Перзентінің амандығын мағырыбынан мойынына бұршақ салып тілеп отырған қария үмітке қолын созып, немересінің тілге келгенін қуанышқа балаған.

– Ата, қайықшыға төлейтін тиын бер.

Туыс-тума бұған таңырқады, сөздің не туралы екенін ешбірі бағамдай алмады. Бұл шалға анық еді. Бешпетін қарманды. Жан қалтасының түкпірінен бес тиын алып, алақанында салмақтады. Немересінің қаба сақалды қария ажалдың қайығына мінуін қаламады. Кемпірім де, ұлым да сол қайыққа аяқ артып келмеске бет бұрған. Енді немеремді өзім тіріде ол қайыққа қалай жолатармын деп қамықты.

– Ата… – деді кішкене ұл.

Шал елірді. Немересін қиялдағы қайықшыдан қызғанды.

– Ата, тиын берші…

Кішкене ұл қара терге түсті. Жыланның уыты біржола жаулап алған денеден жан шығарға жол таппай шын қысылды. Қайықшыға төлер тиыным болмаса о дүниеге қалай өтермін деген балаң сана жанды еркіне жібермей тұсап тұрды.

– Ата, тиын берші, – деді жандәрмен.

– Әбеке, жанын қинамасаңшы, – деп әлденені сезіп отырған қари қабақ түйді.

Айнала отырған әйелдер пыс-пыс жылады. Әлдебіреуі сұңқылдай дауыс салды.

– Ата…

Қара шал тиынды бешпетінің қалтасына салып қойды.

– Ата…

– Әбеке, сәбиді қинамалық. Сені күтіп жатыр, – деп қари атасын сабырға шақырды. Тарамыс саусақтары дірілдеп шал қолын қалтасына сүңгітті. Бес тиынды қайта шығарды.

– Ала ғой, құлыным…

Күп боп ісік тартқан бөбек алақаны ашылып, тиын саусақтардың арасына жұмылды. Онда енді қайықшыға төлейтін тиын бар…

Баланың басы оң жаққа сылқ бұрылды. Дем тоқтады. Шал есінен танып, соңғы тұяғының кеудесіне құлай берді. Қари күбірлеп дұға оқыды. Түнгі тыныштықтың әптер-тәптерін шығарып, күллі әйел жоқтау айтып жатты. Бала мұның бірін де сезген жоқ. Ол бұл кезде қалың кірпіктері көзін жапқан, қаба сақалды, жүндес білектері ескекті берік ұстаған ажал ақсақалдың қайығына отырып, бұ дүние мен о дүниенің арасын жалғап тұрған теңіздің айдынында жүзіп бара жатыр еді…

Лира ҚОНЫС.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp