Солтүстікқазақстандық жеңілатлеттер Сергей Харламов пен Иван Залезняк Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан жазғы Параазия ойындарында ел қоржынына екі қола медаль салды.
Сайыс барысында Сергей Харламов 4,62 метр ұзындыққа секіріп, үшінші орынға табан тіреді. Ал Иван Залезняк ядро лақтыру сайысында 11,68 метр нәтижемен үздік үштікті түйіндеді. “Үміт” спорт клубының директоры Вячеслав Латышевтың айтуынша, бұл өңіріміздің паралимпиадалық қозғалысында бұрын-соңды болмаған жетістік.
– Біздің клубымызда шынығатын спортшылардың ел үмітін ақтағаны бойымызға мақтаныш сезімін ұялатты. Денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, екі азамат та табанды еңбектің арқасында спорт шебері атанып, ел құрамасына мүшелікке кірді. Сергей Харламов пен Иван Залезняк та – елімізде мүгедектер арасында өткен біріншіліктер мен спартакиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері, – деді қуанышымен бөліскен Вячеслав Латышев.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”