Сайдың тасындай небір саңлақтарды, от ауызды, орақ тілді шешендерді, баһадүр батырларды, қадау-қадау қаламгерлерді өмірге әкелген қасиетті Қызылжар топырағынан ақсұңқар құстай түлеп, қарымды қалам иесіне айналғандардың бірі ақын, журналист, аудармашы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарасбай Нұрқан еді.
Оның мөлдір шықтай таза, “жүрекке жылы тиіп”, жеңіл оқылатын жырлары, тылсым табиғат сыйлаған ақындыққа деген кіршіксіз махаббаты, қарапайым, ақжарқын мінезімен үйлесім тапқан мағыналы өмірі жыл өткен сайын өлеңсүйер қауымның жүрегінде жаңғыруда.
Тамаша өлеңдерімен таңдай қақтырған ақынды еске алуға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары ұйытқы болып, ақынын ардақ тұтқан көпшіліктің басы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында тоғысты. “Елім деп соққан жүрегі” деген тақырыппен ұйымдастырылған еске алу кешіне жиналғандардың дені аға буын өкілдері, өлең жазуға әуес жастар, ақынның ең жақын туыстары, ауылдастары және көзін көріп, тәлімін алған шәкірттері болды. Олар, алдымен, “Дарынды қаламгер” атты кітап көрмесін тамашалап, Жарасбай Нұрқанның көзі тірісінде, өмірден өткеннен кейін жарық көрген туындыларымен танысты.
Ақынның жары Қазина Нұрқанова өмірлік серігінің ғұмыр жолы, еңбек баспалдағы, мінез-құлқы жайында әсерлі сөз сабақтап, бірнеше өлеңінің жазылу тарихынан сыр шертті. “Ол – қалың қазағын, елін, жерін ерекше сүйген ақын. Жанын нәзік, жүрегін таза қалпында ұстай білді. Өлеңдерінен қазақ тіліне, Отанға деген сүйіспеншіліктің иісі аңқып тұрады. Мені сіздермен қауыштырып отырған да осы сыршыл сезімге, тұнық өлеңге деген адалдық”, – деді Қазина Сәдуақасқызы.
“Рухани жаңғыру” жобасы аясында ұйымдастырылып отырған шараның жас ұрпақ тәрбиесіне оң әсер тигізетінін айтқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Досбол Әбдірисов қаламгерлік қарымымен бүкіл елге танылған ақынның мұраларын жинап, оқырман қауымға жеткізіп жүрген жары Қазина Нұрқановаға қамзол кигізіп, сый-құрмет көрсетті.
Жарасбай Нұрқанның жырларының басты тақырыбы – туған жер, қазақ даласы. Әдебиетте кірпияз, кіршіксіз саналатын махаббат жайлы шығармалары да аз емес. Балалардың қиялын ұштауға, ой-өрісін дамытуға арналған өлеңдері де бір шоғыр.
“О, менің, көкорайлы, Көктерегім,
Жаһанда өзіңдей жер жоқ дер едім.
Арада айлар өтіп оралғанда,
Сағыныштан өлердей боп келемін.
Ал Алқаң – анық әсем, айна көлді,
Көлдерді мыңғырған мал айнала өрді.
Шалқалап жатам жасыл шалғыныңа,
Туристер мұндай жерді қайда көрді?”, немесе
Атың сенің елге мәлім,
Естіген жұрт қызығар.
Сен дегенде менің әнім
Үзілмейді, Қызылжар, – деген шұрайлы шумақтары жайбарақат айтыла салған ой емес, қалың оқырманды өзінің елін сүюге үндейтін жүректің ақиқаты.
Жиын барысында ақынның кесек тұлғасы, ұсақ-түйекке мән бере бермейтін кісілігі оқиғалармен, мәйекті мысалдармен өрілді. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов:
– “Әдебиет – ардың ісі”, – деп ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтқан ұлағатты ұғым Жарасбай Әнесұлының өнегелі өмірінің өзегіне айналды. Оның жүріп өткен жолы тағылымды. Көзі тірісінде Мұхтар Әуезов сияқты ғұламалармен араласу бақытына ие болды. Халқының ыстық ықыласына бөленген ақынның жырлары оқырманымен бірге жасай беретіні сөзсіз, – дей келе ақынның іші жылы жырға, нұрлы сырға толған жинақтары, мәйекті мақалалары, әнге айналып, жырсүйер жұртшылықтың жадында сақталған өлеңдері жайлы сөз сабақтады.
Ақынның шәкірті Болат Қожахметов өмірді өмірге, уақытты уақытқа жалғаған тұнық өлеңге жетелеген ұстазының ұлағатты қырларын, пенделікке бас ұрмай, адамдықтың асқарынан көріне білген көркем кездерін еске алды. “Ақын бітім-болмысымен, шығармашылығымен барша халыққа үлгі болуы тиіс. Осы үдеден Жарасбай Нұрқанның табылары анық. Біз есімдері еленбей жүрген қаламгерлерді еске алуды, артында қалған мұраларын насихаттауды қолға алуымыз керек”, – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжанов.
Бұл шарада көрсетілген ақынның сөзіне жазылған “Ерте солған гүлдер” әнінің бейнебаяны зұлмат заманда қазақ халқының, ұлт зиялыларының басына төнген қауіп-қатерді тағы да еске салды. Жарасбай Нұрқанның аз сөзбен ауқымды ой айтуға құмар болғандығына, поэзияның сырлы әлемімен тыныстап, көңіл дүрмегін шуақты жырға айналдыра отырып, оқырман жүрегінің қыл пернесін баса білгендігіне тағы бір куә болдық.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.