Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты халыққа арнаған биылғы Жолдауын облыстық онкологиялық диспансердің ұжымы талқылады.
Емдеу мекемесінің бас дәрігері Қабдрахман Сақтағанов тарихи құжаттың маңызына тоқталып, алда тұрған ауқымды міндеттер жайын сөз етті. Медицина саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
– Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет екенін айтқан Елбасымыз ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көбейетінін жеткізіп, көңілге қуаныш ұялатты, – деді бас дәрігер.
Жаңа жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуі тиіс екені тарихи құжатта баса айтылған. Сондықтан Қабдрахман Еркенұлы ақхалаттыларды Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе орындауға шақырды. Бас дәрігердің орынбасары Ермек Әбдірімов те әріптестеріне қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру жайын кеңінен түсіндірді. Маңызы зор, мәні терең бағдарламалық құжатты талқылауда бизнесті, инновациялық және сервистік секторларды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруға, тұрмыс сапасын арттыруға мол мүмкіндіктер қарастырылғанын сөз еткен мамандар медицинаның елімізде кең қанат жаюына қолдау білдіріп, тұрғындарды сапалы көмекпен қамтамасыз етуге әрқашан дайын екендерін жеткізді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.