Газетіміздің WHATSAPP желісіндегі 8-705-463-13-29 нөміріне Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тұрғыны Қайырбек Сәбитов сауал жолдаған екен.
“Тауағаш ауылының тұрғындары қаладағы баласымен, алыстағы ағайынмен хабарласа алмауда. Ауыл ішінде “Beeline” байланысы әлсін-әлсін ұстағанымен, “Kcell” және “Tele2″ мүлдем жоқ. Ұялы байланыстың игілігін көргіміз келеді” деп ренішін білдірген.
Бұл мәселе бойынша Есіл ауданындағы Спасовка ауылдық округінің әкiмi Алтай Арғымбаевпен хабарласқан едік.
– Аудан орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан Тауағаш ауылының тұрғындары шынымен де ұялы байланыстың жоқтығынан қиындық көруде. Соңғы жылдары бұл мәселе әкімнің есеп беру кездесуінде де көтерілді. Осыған орай біз “Beeline” байланыс операторына хабарласып, арнайы қондырғы орнатып беруді сұрадық. Бірақ олар округте адам саны 500-ге жетпейтіндіктен, мұнараны орнатудан бас тартып отыр, – дейді Алтай Арғымбаев.
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар. Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекен-жайы толық көрсетілуі қажет.