Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен “Асыл мирас” қайырымдылық қорының президенті Болат Өтемұратов облыстық балалар ауруханасында болып, заманауи үлгідегі медициналық құрылғылардың мүмкіндігімен танысты.
– “Асыл мирас” қайырымдылық қорының қолдауымен өткен жылы біз медициналық жабдықтарға ие болдық. Жалпы құны 73,5 миллион теңгеге стационарлық сандық рентгенографиялық кешен мен әмбебап ультра-дыбыстық сканер сатып алынды. Заманауи аппараттың көмегімен зерттеулер сапалы жүргізіледі. Сондай-ақ, рентген суретін ғаламтор арқылы әлемнің кез келген түкпіріне жіберуге болады. Әмбебап ультрадыбыстық аппараттың да ауқымы зор, – деген балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов рентген кешенінде сегіз мыңдай зерттеу жүргізілгенін айтты.
Кездесу барысында бас дәрігер аурудың алдын алуға, диагностика жасауға, емдеу шараларына оң әсерін тигізетін бұл заманауи әрі инновациялық аппараттарды сыйға тарту еткен қайырымдылық қордың басшысы Болат Өтемұратовқа ризашылығын жеткізді.
Облыстық балалар ауруханасы жыл сайын жаңа заманауи медициналық қондырғылармен толығуда. Қазіргі таңда емдеу мекемесі диагностикалық зерттеуді жетілдіруде. Медициналық мекемеге тағы бірнеше жаңа аппарат қажет.
Кездесу соңында құрметті қонақтар сандық технологияны жүзеге асырып жатқан денсаулық сақтау ұйымындағы ілкімді істерге оң бағаларын берді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.