“Soltustik Qasaqstan” газетінің 9 қазан күнгі санында “Жемқордың алды – жар” деген тақырыппен Петропавл қалалық әкімдігінде қызмет істеген бірнеше бұрынғы мемлекеттік қызметшінің ісі сотта қаралып жатқанын жазған едік.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі құқықтық жұмыс секторының бұрынғы меңгерушісінің міндетін атқарған Балдырған Өмірсейітоваға, осы сектордың инспекторы Жанар Есетоваға және оның азаматтық некедегі жұбайы Медет Сағдиға, коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді бөлу, есепке алу жөніндегі инспектор Қобылан Өмірсейітовке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша, яғни өз қызметтерін асыра пайдаланып, алаяқтық қылмыс жасады, ірі көлемде мемлекетке шығын келтірді деген айып тағылған болатын. Өткен аптада күдіктілерге қатысты соттың шешімі шықты. Петропавл қалалық сотының судьясы Михаил Гусев оларды кінәлі деп тауып, Балдырған Өмірсейітоваға – сегіз, Қобылан Өмірсейітовке алты жыл алты ай, Медет Сағди мен Жанар Есетоваға алты жыл сегіз ай жаза кесті. Сонымен қатар алаяқтық жолмен қол жеткізген жылжымайтын мүліктері де тәркіленеді әрі бұдан кейінгі уақытта Балдырған Өмірсейітовадан басқалары (ол өмір бойы) он жылға мемлекеттік қызмет атқару құқықтарынан айрылды.
Прокурор сот отырысында күдіктілерге осындай жаза түрін сұраған болатын. Ал адвокаттар өз қорғауындағылардың кінәсіз екенін бұған дейін де талай рет айтты, әлі де сол сөздерінен қайтпай отыр. Сондықтан міндетті түрде апелляциялық шағым жасаймыз дейді.
Судьяның Балдырған Өмірсейітоваға басқаларына қарағанда ауыр жаза тағайындауының өзіндік себебі бар. Өйткені, ол қылмыстық жоспар құрып, жол сілтеп отырған. Нақтырақ айтсақ, Балдырған Өмірсейітова сектор меңгерушісі болғандықтан қаланың бас жоспарына сәйкес “Жас Өркен” шағынауданындағы үйлердің сүрілетінін жақсы білген. Дәл осы уақытта бұл жерлерді мемлекет қажеттілігіне сатып алу үшін қалалық әкімдік арнайы құжаттар дайындап жатқан болатын. Оған жұбайы Қобылан Өмірсейітов қолдау білдіріп, оңай жолмен ақша табуға көмегін аямаған. Ал бұлар Медет Сағдидың отбасымен өте жақын араласқан. Сөйтіп, небары екі жылдың ішінде бірнеше тұрғынның сеніміне кіріп, арзан бағаға бірнеше үй, жер сатып алған. Олар жылжымайтын мүлікті өздерінің сенімді адамдарының аттарына тіркеп отырған. Бірнеше баспанамен қатар, өтемақы алған кездері де аз емес. Жеңіл жолмен қол жеткізген баспаналарын өздерінің қитұрқы әрекеттерін жасыру үшін кейін сатып жіберген, осылайша, 213 миллион теңге пайда тапқан. “Алтын көрсе, періште жолдан таяды” деген сөз осындайларға арнап айтылса керек.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.