Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауын қазан айының бесінде жариялайтынын естігеннен бастап, тарихи құжаттың мазмұнымен, ондағы тың бастамалармен танысуға асыққанымыз рас. “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты жаңа Жолдауда халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін нақты міндеттер айқындалған.
Жылдың басты құжатының өзегі – білімді, білікті мамандарды барынша қолдау және сол арқылы мемлекетті дамыту. Бюджеттік ұйымдарда қызмет ететін мамандардың еңбекақысын арттырып, ең төменгі жалақының мөлшері 1,5 есе көтерілетіндігі айтылды. Мемлекет басшысы келесі жылы “Педагог мәртебесі туралы” Заңды әзірлеп, қабылдау туралы тапсырма берді. Бұрын-соңды болмаған маңызы мен мәні ерекше жаңа заңның қабылданатындығы ұстаздар қауымын үлкен қуанышқа бөледі.
Елбасы білім саласының барлық сатылары бойынша (балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін) нақты міндеттер қойып отыр. Жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламалары жаңартылып, озық білім мен үздік тәжірибе сабақтасқан жағдайда ғана нәтиже шығатындығына баса мән берді. Еліміздегі жоғары білім берудің озық үлгісін көрсетіп отыр ған Назарбаев Университетіне Үкіметпен бірге жасанды интеллект, баламалы энергетика және тағы да басқа жаңа технологиялар жөніндегі арнаулы жобалар әзірлеуге тапсырма берді. Өңірлерде орналасқан жоғары оқу орындары Назарбаев Университетінің оқу-ғылым үдерісін үлгі етіп алулары қажет. Шетелдің білікті профессорларын шақырып, ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты дамыту қажеттілігі де туындап отыр. Биылғы жылы мектеп түлектеріне түрлі деңгейдегі гранттар көп бөлінгені белгілі. Осы заманға лайықталып жатақханалар салу жұмыстары да қолға алынуда. Алдағы уақытта М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып жатқан студенттерге арнап жатақхана мен 12 қабаттық оқу корпусын салу жоспарланып отыр. Халықаралық деңгейдегі жүзу бассейні мен сауықтыру емханасын, республикамыздағы санаулы обсерваториялардың бірін бүгінде білім алушылар мен ұстаздар қауымы, университет қызметкерлері жемісті пайдаланып жатқандығы белгілі.
Президент денсаулық сақтау саласында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру туралы тапсырма берді. Онкологиялық орталыққа әлемдегі ең озық, заманауи құрылғыларды орналастыру қажет екендігін айтқанда, халықтың келешекке деген үміті молая түсті деп ойлаймыз. Себебі, біздің елде бұл қауіпті дертке шалдыққандардың саны күннен-күнге ұлғайып келе жатқандығы да жасырын емес. Сондықтан мұндай орталыққа зәру екендігіміз рас.
Біз өзіміздің елде өндірілетін тауарларды пайдалануымыз керектігін Президент үнемі айтады. Туған жерімізді сүйіп, оның дамуына қолдау білдірудің бір парасы отандық тауарды қолдануда жатыр. Сондықтан бұл құжатта нақтылана түскен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе, ауыл кәсіпкерлігін өркендету мәселелері орынды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлкен серпіліс береді. Өңірімізде ірі ет комбинатының салынатындығы да осы саланың дамуына, тұрғындарымыздың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Десек те, жастардың, олардың соңынан ата-аналарының қалаға үздіксіз көшіп жатқандығының да куәсі болып отырмыз. Бұл – өмір заңдылығы. Сол себепті мемлекетіміздің қалалық жерлердің инфрақұрылымдық жағдайын жоғары деңгейге көтеруі маңызды. Кез келген адамның тұрмысын жақсартатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы жағдайды реттеу жөнінде де ауқымды мәселелердің қозғалғаны аса қажет шаралардың бірі.
Мемлекет басшысы елімізде ішкі туризмді дамыту мүмкіндіктері зор бола тұра, біз оның әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырғанымызды тілге тиек етті. Экологиялық жағдайы жақсы, сұлу табиғатымен тамсандыратын жерлерімізді ел ішінде насихаттап, демалатын орындарды дамыту керек. Бұл ретте Елбасының Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Шалқар көлінің таңғажайып келбеті туралы айтқан сөздеріне де риза болып, марқайып қалғандығымыз шындық. Өз жерін, елін танып-білген, рухани құндылықтармен сусындаған, оны бойына сіңірген азаматтар ғана нағыз отаншыл болмақ. Сондықтан “Өз жеріңді танып біл” жаңа бастамасы аясында туризмді қайта жаңғырту жұмысы жандана түсетіндігіне сеніміміз зор. Бұл міндет – елімізде жүріп жатқан “Рухани жаңғыру” үдерістерінің маңызды қырының бірі.
Тәуелсіз мемлекетіміз даму жолын темірқазық етіп алып, әлемнің озық елдерімен иық тірестірер мықты да әлеуетті мемлекет болуды көздеп отыр. Еліміздің әрбір азаматы туған жерінің дамуына қолынан келген жақсылығын аямай, барынша адал еңбек етсе, жаңа технологияларды меңгеріп білікті маман атануға ұмтылса, “Мәңгілік Ел” болуды мұрат тұтқан қазақ елінің арманы орындалар күн алыс емес.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
“Рухани жаңғыру” өңірлік жобалау кеңсесінің жетекшісі.