Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері драматург Олжас Жанайдаровтың “Бір… екі… үш” қойылымын көрермен назарына ұсынды.
Спектакльдің қоюшы-режиссері Баатырбек Шамбетов бір отбасындағы бауырлардың тартысын қойылымға арқау еткен. Шиеленіскен оқиға, қыл үстінде тұрған қилы тағдыр. Ағайындылардың бір-біріне деген ашу-ыза, кегі өшпенділікке айналды. Қайрат пен Жолан қырсық мінез, қыңыр сөзге ерік берді.
Мәскеудегі көпқабатты үйлердің бірінде тұратын қос қазақ туған жерден жырақта өмір сүрді. Қара бастың қамы үшін уайым кешкен ағалы-інілі материалдық байлықты рухани құндылықтан жоғары қойды. Пайдакүнем, іштар, екіжүзді, тәкаппар және жағымпаз адамдардың бір-бірімен жаға жыртысуы жиіркеніш тудырады. Жолан анасын, Қайрат әкесін жек көрді. Жарық дүние сыйлаған ата-ананың қандай кінәсі бар? Міне, осы сауалдар көңілдегі ойды сан-саққа жүгіртті. Ағайын арасындағы дауға не себеп? Олқылықтың орнын толтыру енді мүмкін емес. Өйткені, бәрі кеш.
Отбасында ата-ананың мейірімін көрмей өскен ұрпақ қатыгез, безбүйрек болатынын Қайрат пен Жолан дәлелдеген сияқты. Балалық шақтарында әкенің қамқорлығын, ананың аялы алақанының жылуын көріп өспеген олар рақымсыз адамға айналды. Ата-анасының қадірін түсінбеген ұрпақ туған елді қайтсін?! Қайтпас сапарға аттанған ана-ларының қырқына келуден бас тартқан бұларға не айтарың бар.
Балаға тәрбие беруде ата-ана қателікке жол берсе, соңы үлкен өкінішке ұрындырады. Өкінішке қарай, мұндай адамдар арамызда да аз емес. Қойылымнан бүгінгі қоғамның көрінісі көз алдыңа елестейді. Өйткені, безбүйрек ұл-қыздың кесірінен қарттар үйін паналаған қариялар қаншама? Рухани жұтаң адам ұлттық құндылықтардың қадірін білмейді.
Ұлттық сана – ұлт руханиятының негізі. Адамды рухсыздық күйретеді емес пе? Өзінің түп-тамырын білмейтін ұрпақ ұлттық санадан жұрдай болады. Сондықтан ұлттық болмыс-бітімінен адасып, тілі мен ділінен айырылған Қайрат пен Жолан сияқты ұлдардың ұсқынсыз өмірінен үлгі алмаған абзал. Қара бастың қамын күйттеген жандар үшін бұл – үлкен сабақ. Жақындарының қадірін білмеген Қайрат жат елде жалғыз қалды. Ал Жолан жалған өмірмен қош айтысты. Сүйген қызы Татьяна мен ағасының опасыздығына күйінген ол өмірді өзгертуге тырыспады. Өйткені, жігері құм болған азамат өмір көшінен адасты.
Тәрбиелік мәні терең, маңызы зор қойылым көрермендердің көңіліне қозғау салғаны ақиқат. Бірақ өмір көріністерін көз алдына елестеткен драманы залда отырған жастарға түсіну оңай болмады. Құпияға толы қойылымның жұмбағы көп болса да, махаббат пен сатқындық, бақытсыздық пен өкінішке толы драманы көрермен жүрегіне жеткізуде Тұрақ Дұрысбеков, Асылхан Рәзиев, Гүлдана Асқарова, Думан Әдікенов сияқты театр әртістерінің елеулі еңбегін атап өткен жөн.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.