«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРТАҚ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” тақырыбындағы Жолдауын облыстық, Петропавл қалалық мәслихаттарының депутаттары “дөңгелек үстел” басында талқылап, стратегиялық құжаттың маңыздылығы мен онда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жолдары жайында пікір алмасты.

Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко маңызды құжаттың халқымыз үшін тиімді тұстарына тоқталды.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында адам капиталы мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға көңіл бөледі. Ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіру міндетін қойды. Еліміз бойынша 1 млн. 300 мың, ал өңірімізде 43 мың адам ең төменгі жалақы алады. Сонымен қатар медицина саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайызға көбейеді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – биылғы Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Біздің аграрлық облыста бизнестің басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, өңдеуге бағытталған. Республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы біздің өңірімізде өндіріліп, облысымыз бұл бағытта көш бастап тұр. Облыстық мәслихат депутаттарының 30 пайызы – ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан мәселелерді шешіп, мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда үнемі белсенділік танытып келеді, – деді Владимир Степанович.

Жолдауда Мемлекет басшысы білім, ғылым, денсаулық сақтау, экономика және бизнес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, агроөнеркәсіптік кешен, спорт, ішкі туризм, тағы басқа салаларды дамыту жөніндегі мәселелерді көтерді. Бұл бағыттағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдарға, қоғамға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев өз сөзінде халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының жақсаруына сүбелі үлес қосу өзі басқаратын бұқаралық ұйымның басты міндеті болып қала беретінін атап көрсетті.

Елбасы қазақстандық бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау қажеттігіне тоқталған болатын. Өйткені, жаңа жұмыс орындарын ашып, қазақстандықтардың басым бөлігін табысты етіп отырған – кәсіпкерлік. “Дөңгелек үстел” отырысында облыстық мәслихаттың депутаты, “Зооветснаб” ЖШС-нің директоры Владимир Притчин стратегиялық құжаттың кәсіпкерліктің әлеуетін жақсартуға бағытталған тиімді тұстарына тоқталып өтті.

Жиында сөз алған облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов өңіріміздегі медициналық ахуал жайлы баяндады.

– Облыстағы денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жетістіктерге тоқталып өтуге болады. Біздің өңірімізде бірегей оталар жасалады. Облыстық балалар ауруханасы – республикадағы үздік төрт медицина мекемесінің бірі. Бүгінде ауруханалардың денінде медициналық карта электронды түрде толтырылып жүр. Биылғы жылдың аяғына дейін толық электронды құжат айналымына көшеміз, – деген Олег Завьялов бұл ретте ең басты мәселе сапалы кадр әлеуеті екендігін айтып, оны шешудің баспана, көтермеақы қарастыру сияқты тиімді тұстарына тоқталды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp