«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ЖОБА — ТАБЫС БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапарымен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин және республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Алдан Менкеев келді.

Алдымен Есіл ауданындағы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебіне және Покровка ауылындағы Жәлел Қизатов атындағы ауылшаруашылығы колледжіне ат басын тіреген олар білім ордаларының жағдайымен танысты. Колледждің директоры Бейімбет Бугасов 500-ден астам студент білім алатын мекемедегі оқыту, зертханалық, компьютерлік кабинеттерді аралатты. Білім ордасындағы “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 42 студент оқып жатыр.

Осыдан кейін Есіл ауданында мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті. Арман Тілектесұлы қатысушыларға агенттіктің негізгі қызметі туралы баяндап, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтармен, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесіне қатысты қанатқақты жобамен таныстырды. Жекелеген санаттағы азаматтарға медициналық қызметтің қолжетімділігін анықтау мақсатында жұмыс тобы аудандағы емханаға ат басын тіреді. Медицина ұйымында бүгінде 134 дәрігер жұмыс істейді. Мекеме 2014 жылы салынып, қолданысқа берілгеніне қарамастан, тексеріс барысында ғимаратты жөндеу және күтіп ұстауға қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды: қабырғалары жарылған, төбеден су ағады, жаңбыр суының жиналуына байланысты пандустар пайдалануға жарамсыз болып қалған. Емхана басшылығына бұл мәселелерді шешу туралы ұсыным берілді. Арман Бердалин бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану қажет екендігіне назар аударды.

Бұдан кейін жұмыс тобының мүшелері Петропавлда орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатына қатысып, агенттіктің биылғы жылдың тоғыз айындағы жұмысын қорытындылады. Үстіміздегі жылы агенттіктің төрт ведомствосында мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттырып, еңбекақыларын көбейтуге мүмкіндік берді. Әзірге қанатқақты жоба ретінде іске қосылғанымен, нәтижесін көруге болады. Кадрлардың жұмыстан шығуы екі есеге төмендеп, бос жұмыс орындарына конкурс, керісінше, үш есеге артқан.

– Бос жұмыс орындары есебінен орталық аппараттың штаттық саны 30 пайызға, ал облыс бойынша 10 пайызға дейін оңтайландырылды. Бұл көрсеткішті 20 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде еңбекақы 60 пайызға артты. Үстіміздегі жылдың сегіз айында агенттік пен оның аумақтық департаменттері мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген тексеріс барысында 100 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, – деді Арман Тілектесұлы.

Нәтижесінде жоғары лауазымдарға орналасу қиындады. Бұл конкурстарға мансаптық өсудің барлық сатысынан өткен мемлекеттік қызметшілер ғана қатыса алады. Биыл мемлекеттік қызметке орналасу үшін 1300-ден астам солтүстікқазақстандық сынақтан өтіп, олардың басым бөлігі жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының жетекшісі Лаура Қайыржанованың айтуынша, биылғы тоғыз айда 877 азамат оқудан өткен. Оның 234-і қайта даярлау курсы бойынша оқыса, 643-і семинарларға қатысқан.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp