Біздің басты байлығымыз – астық. Күздің жаңбырлы күндері облыс диқандарына қолбайлау болғаны белгілі. Дегенмен, екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшіп, бел жазбай еңбектенген шаруалар “астық үшін айқасты” жеңіспен аяқтауға жақын.
Ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан жедел ақпарат бойынша, өңірдегі барлық дәнді дақылдардың 98,4 пайызы орылған, яғни 2 миллион 755 мың гектардың егіні жиналды. Агроқұрылымдар 4 миллион 959,8 мың тонна астықты қамбаға құйып үлгерген. Бір гектардан орта есеппен 18 центнерден өнім алынуда.
Дәнді дақылдарды жинау бойынша аудандардың көшін Ақжар, Есіл, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың диқандары бастап тұр.
Қазіргі уақытта элеваторларға 802,8 мың тонна майлы дақыл жеткізілген. Гектардың орташа түсімі 8,9 центнерді құрап отыр. Бұл дақыл түрін бастыруда Ақжар (99,6 пайыз) және Тимирязев (99,1 пайыз) аудандары алда тұр. Ал Тайынша, Жамбыл және Қызылжар аудандарының шаруалары сәл сылбырлық танытуда.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.